Ахмет Байтұрсынұлының өнегесі – тілге қызмет етуде ғана емес, елге қызмет етудің биік үлгісінде. Дәл осы ой 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күніне орай Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты Кеңес Одағының Батыры, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы атындағы 5571 әскери бөлімінде өткен тағылымды кездесуде айшықтала айтылып, Ахмет Байтұрсынұлының азаматтық болмысы мен ұлт алдындағы жауапкершілігі кеңінен сөз болды.
Іс-шараны ашқан құрама командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Қараев Ұлықбек Тұрсынбайұлы қазақтың тіл білімінің негізін қалаған ғалым ғана емес, ұлттың рухани оянуына ғұмырын арнаған ұлы ағартушы, қоғам қайраткеріекеніне жеке тоқталып, кездесуге шақырылған қонақтардытаныстырды. Әскери қызметшілердің адами құндылықтарға деген құрметін қалыптастыру және ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының мұрасы арқылы ағартушылықты насихаттау және мемлекеттік тілдің қоғамдағы маңызын арттыру мақсатын ұстанған кездесуге «Сенімен Болашақ» РҚБ Алматы филиалының басшысы, журналист Меруерт Мәулетқызы, әдебиеттанушы-ғалым, алаштанушы, жазушы, PhD, постдокторант, республикалық және халықаралық әдеби байқаулардың лауреаты Әлібек Байбол, Алматы ОКЖ Алмалы кітапханасының жетекшісі Жансая Маженова қатысты. Спикерлер ұлт ұстазын тек «әліппе жазды, мектеп ашты» деп қарапайым түсіндіруден бөлек ақын еңбегінің бүгінгі қоғамдағы мәні, оның ағартушылық бағыты мен адамзаттық сананы қалыптастырудағы рөлі, ел тағдырына алаңдаған азаматтық тұлғасы мен ұлт болашағы үшін атқарған қызметі турасынан сөз қозғады.
Ахмет Байтұрсынұлының «Ел бүгіншіл, менікі – ертең үшін» деген сөзіне ерекше мән бере сөйлеген М.Мәулетқызы ақын халыққа жай ғана білім беруді емес, білім арқылы халықтың санасын өзгертуді көздегенін жеткізді.
Ақынның тұлғалық феноменін қалыптастырған басты фактор жайлы сөз қозғаған Әлібек Байбол көркем шығармаларындағы астар мен символдарға әдебиеттанушы ретінде талдап, біз байқамай жүрген дүниелерді тарқатып, сарбаздардың рухын көтерді.
Жансая Маженова ақынның кітаптары мен ақын жайлы жазылған шығармалардан құралған көрмені таныстырды.
Кездесу соңында әскери бөлім қызметкерлері қонақтарға алғысын білдіріп, бөлім командирі, полковник М.Баймагуловтың атынан «Алғыс хатпен» марапаттады.
М.Маулина
