Алматыда қолындағы сәбиімен курьер болып жұмыс істеген әйелдің оқиғасы әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Алайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл жағдайға қатысты ресми баға беруден бас тартты.
Оқиға Threads әлеуметтік желісінде жарияланған суреттен кейін қоғам назарын аударды. Жазба авторы Алматыдағы Брусиловский көшесінде қолына сәбиін көтеріп жүрген курьер әйелді көріп, оның суретін бөліскен.
«Қолында баласы бар қызды көріп, оған құрметім артты. Сол себепті суретін жарияладым. Өкінішке қарай, қасына барып көмек ұсынуды ойламаппын. Қазір соған өкінемін. Біреу танып қалып, көмектесер деген үмітпен бөлістім», – деп жазды желі қолданушысы.
Жарияланымнан кейін қазақстандықтар әйелді іздеп, оған қаржылай көмек көрсетуге, азық-түлік пен қажетті заттар беруге дайын екендерін білдірді. Алғашында кейбір қолданушылар суреттің шынайылығына күмән келтіргенімен, кейін әйелдің де, оқиғаның да рас екені анықталды.
Үкіметтегі брифинг барысында журналистер бұл мәселеге қатысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегайдің пікірін сұрады. Алайда шенеунік нақты бір отбасының өміріне баға беру дұрыс емес екенін айтты.
«Бұл суретке қатысты пікір айту менің құзыретіме кірмейді. Егер әңгіме бала күтімі демалысындағы ананың немен айналысуы керек екені туралы болса, бұл – отбасы бюджетіне және отбасы ішіндегі қарым-қатынасқа қатысты мәселе. Сондықтан бұл жағдайға пікір білдіру мен үшін дұрыс емес», – деді ол.
Сондай-ақ брифинг барысында Қазақстанда ана капиталын енгізу мүмкіндігі де сөз болды. Вице-министрдің айтуынша, мемлекет жас отбасыларды түрлі жәрдемақылар мен әлеуметтік бағдарламалар арқылы қолдап келеді.
Алайда журналистер бұл оқиғаның қоғамда үлкен резонанс тудырғанын атап өтті.
«Үш күн бойы қазақстандықтар бұл әйелді іздеді. Өйткені бұл сурет ешкімді бейжай қалдырмады. Қолында сәбиі бар әйел Алматының аптап ыстығында жұмыс істеуге мәжбүр болған», – деді журналист.
Кейін әйелді кәсіпкерлердің бірі тауып, сөйлескені белгілі болды. Оның айтуынша, өзі тұрмыста болғанымен, декреттік төлемдер отбасының барлық қажеттілігін өтей алмайды. Сол себепті қосымша табыс табу үшін курьер болып жұмыс істеуге мәжбүр екенін айтқан.
