«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратБілім

«Ресми түрде 140 балл тіркелген жоқ»: ҰБТ-ның ұпайы қалай есептеледі?

Соңғы күндері әлеуметтік желіде «ҰБТ-дан 140 балл жинады» деген ақпараттар жиі таралып, әсіресе Түркістан мен Тараздағы талапкерлердің нәтижесі қызу талқыланды. Алайда Ұлттық тестілеу орталығы бұл мәліметтерге қатысты нақты түсініктеме берді. Орталықтың баспасөз хатшысы Перизат Қашақбайқызының айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстан бойынша ресми түрде 140 балл жинаған бірде-бір талапкер жоқ.

Маманның сөзінше, әлеуметтік желіде айтылып жүрген нәтижелер халықаралық сертификаттарды — IELTS немесе SAT көрсеткіштерін — ҰБТ балына конвертациялау арқылы есептелген. Ал бұл процесс шілде айында ғана жүзеге асады. Сондықтан дәл қазір талапкердің негізгі тест нәтижесі 70, 90 немесе одан жоғары болуы мүмкін болғанымен, ресми түрде «140 балл жинады» деу дұрыс емес.

Перизат Қашақбайқызы кей оқушыларда бірден бірнеше халықаралық сертификат бар екенін айтты. Солар есепке алынған жағдайда ғана олардың жиынтық ұпайы 140-қа жетеді.

Мәселен, әлеуметтік желіде аты аталған талапкерлердің бірі — Түркістан облысында білім алып жүрген Айсұлтан Жаңбырбай. Оның негізгі ҰБТ нәтижесі — 90 балл. Ал IELTS 6.5 сертификаты кейін қосымша 50 балл ретінде есептеліп, жалпы көрсеткіш 140 балл болады.

Талапкердің айтуынша, ол дүниежүзі тарихынан максималды ұпай жинаған. Сонымен қатар оқу сауаттылығы мен математикалық сауаттылықтан жоғары нәтиже көрсеткен. Болашақта дипломатия немесе аударма ісі саласында білім алуды жоспарлап отыр. Айсұлтан дайындық барысында ақылы орталықтарға бармағанын, негізінен мектеп мұғалімдерімен дайындалғанын айтты.

Ал Тараз қаласындағы «Білім-Инновация» лицейінің түлегі Нұрғанат Қанаттың нәтижесі де қоғам назарын аударды. Оның негізгі тест нәтижесі — 88 балл. Қалған ұпай IELTS және SAT сертификаттары арқылы толықтырылады. Нұрғанат бұл жетістік ұзақ дайындықтың нәтижесі екенін айтып, қаңтардағы тестілеуде 139, ал наурызда 137 балл жинағанын жеткізді. Оның арманы — халықаралық қатынастар саласында білім алып, болашақта дипломат болу.

Соңғы жылдары жоғары нәтиже көрсеткен талапкерлерге пәтер, көлік немесе миллиондаған теңге сыйлау үрдісі де күшейіп келеді. Кейбір білім беру орталықтары талапкерлерді қымбат сыйлықтармен ынталандырып, өзара бәсекеге түсуде. Бұл құбылыс қоғамда түрлі пікір тудырып отыр.

Белгілі ұстаз әрі тарихшы Өмір Шыныбекұлы қазіргі таңда ҰБТ төңірегінде артық «шоу» көбейіп кеткенін айтады. Оның пікірінше, білім коммерциялық жарысқа айналмауы керек. Ол сапалы білім алу үшін мектеп бағдарламасының өзі жеткілікті екенін, бастысы — мұғалімнің кәсіби дайындығы мен оқушының еңбегі екенін атап өтті.

Сарапшы сондай-ақ соңғы жылдары ата-аналардың балаларын ҰБТ нәтижесі жоғары мектептерге көшіру үрдісі көбейгенін айтты. Әсіресе оңтүстік өңірлердегі мектептерге сұраныс артқан. Оның пікірінше, мұндай әрекеттер кей жағдайда көзбояушылыққа ұласуы мүмкін.

Өмір Шыныбекұлы білім жүйесіндегі негізгі мәселенің бірі — еңбек нарығын дұрыс зерттемеу екенін айтады. Оның сөзінше, мемлекет алдымен елге қандай мамандықтар қажет екенін нақты анықтап, сол бағыттарға ғана грант санын көбейтуі керек.

Ұқсас жаңалықтар

ШҚО-да тағы екі аудан «өз уақыт белдеуіне» көшті

«Аты бар, заты жоқ» ИП-лар нарықтан кетіп жатыр – Жұманғарин мәлімдемесі

Redaktor Shyn-Ar

Сирек металдар: жаңа кен орындары ашылуы мүмкін өңірлер аталды