2026 жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстанда жеке кәсіпкерлер саны айтарлықтай қысқарды. Салық органдарының мәліметінше, қаңтар–наурыз аралығында 207 912 ИП қызметін тоқтатқан. Бұл көрсеткіш 2025 жылдың дәл осы кезеңінде 82 874, ал 2024 жылы 125 093 болған.
Ұлттық экономика министрі, Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин мұны шағын бизнестің жаппай күйреуі емес, нарықтағы белсенді емес кәсіпкерлердің жойылуы деп түсіндірді. Оның айтуынша, жабылған ИП-лардың басым бөлігі ұзақ уақыт бойы табыс таппаған немесе тек арнайы салық режимін пайдалану үшін тіркелген субъектілер.
2026 жылғы деректерге сәйкес, жабылған ИП-лардың ішінде 94,2 мың кәсіпкердің 2025 жылы табысы болмаған. 39,2 мыңы өзін-өзі жұмыспен қамту режиміне ауысқан, ал 11,8 мыңы басқа компанияның басшысы ретінде тіркелген. Сонымен қатар, бірінші тоқсанда 99 мыңнан астам жаңа салық төлеуші тіркеліп, оның басым бөлігі жеке кәсіпкерлер болған.
Жұманғариннің айтуынша, бұған дейін нарықтан 300 мыңға дейін ИП кетуі мүмкін деген болжам болған. Бұл арнайы салық режимдерін теріс пайдаланған субъектілердің нарықтан шығуымен байланысты.
Сонымен қатар, 2026 жылдың алғашқы тоқсанында 62 557 кәсіпорын қызметін уақытша тоқтатқан. Бұл 2025 және 2024 жылдармен салыстырғанда жоғары көрсеткіш. Дегенмен министр бұл деректі жылдар бойы жиналған белсенді емес компаниялар санымен шатастыруға болмайтынын атап өтті.
Үкіметтің бағалауынша, қазіргі өзгерістер шағын бизнестің құлдырауы емес, керісінше нарықтың құрылымдық қайта жаңғыруы. Белсенді емес ИП-лардың қысқаруы, бір бөлігінің заңды тұлғаға өтуі және өзін-өзі жұмыспен қамту режиміне көшуі экономикадағы бейімделу процесі ретінде сипатталды.
