Ақтауда алғаш рет мәйіттік донордан орган алу жағдайы тіркелді. Бұл туралы Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының баспасөз қызметі хабарлады.
Ауруханада 45 жастағы ер адамның ми өлімі расталғаннан кейін, өңірлік үйлестіруші Индира Аманқосқызы мен стационарлық координатор Ілияс Юсупұлы марқұмның туыстарына түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Жақындары донорлыққа келісім берген соң, аурухана базасында Денсаулық сақтау министрлігінің Трансплантацияны және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталығы мамандарымен бірге жүрек алу операциясы жүзеге асырылды.
Донордың жүрегі ұзақ уақыт күту парағында тұрған науқасқа сәтті трансплантацияланды. Ота Денсаулық сақтау министрлігінің Трансплантация орталығы мамандарының қатысуымен табысты өтті.
— Бұл — өңіріміз үшін айрықша маңызды оқиға. Донорлық ми өлімінің ресми расталуынан кейін барлық медициналық рәсімдер заң аясында орындалды. Донорлыққа келісім берген отбасыға шынайы құрмет білдіреміз және адам өмірін құтқаруға бағытталған игі шешімдері үшін алғыс айтамыз, — деді Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасы директорының міндетін атқарушы Берік Каунов.
Өңірлік трансплантация үйлестірушісі Индира Аманқосқызының айтуынша, қазіргі уақытта күту парағында 175 маңғыстаулық тұр: олардың 165-і — ересек және 3-еуі — бала бүйрекке мұқтаж, 4 ересек пен 1 бала — бауыр, ал 2 ересек — жүрек трансплантациясын күтуде.
Бұған дейін Қазақстанда 4 мыңнан астам адам ағза ауыстыруға мұқтаж екені хабарланған болатын.
