Астана аспанында әскери авиацияның жаттығу ұшулары басталады. Қазақстан Қорғаныс министрлігі тұрғындарға алдын ала ескерту жасап, уақытша шу болуы мүмкін екенін хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, 15 мамыр күні елордада Қарулы Күштердің Әуе қорғанысы күштері ұйымдастыратын жоспарлы іс-шара аясында жойғыш ұшақтардың демонстрациялық ұшуы өтеді. Осыған байланысты 10 мамырдан бастап Астана әуе кеңістігінде әскери авиацияның оқу-жаттығу ұшулары жүргізілмек.
«Жаттығулар қауіпсіз биіктікте өтеді және тұрғындардың күнделікті өміріне айтарлықтай кедергі келтірмейді. Дегенмен қысқа мерзімді шу болуы мүмкін», – деп мәлімдеді ведомство.
Қорғаныс министрлігі елорда тұрғындары мен қонақтарынан түсіністік танытуды сұрады.
Айта кетейік, бұған дейін министрлік Ресейдің Қазақстан аумағындағы Сарышаған полигонында зымыран сынақтарын өткізіп жатқанын растаған болатын. Мәжіліс кулуарында қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев полигон 2030 жылға дейін Ресейге жалға берілгенін айтты.
Оның сөзінше, сынақ барысында 200 шақырымға дейін ұшатын жауынгерлік зымырандар қолданылып келеді. Вице-министр полигон аумағында тұрғындар мен инфрақұрылым жоқ екенін, сондықтан қауіпсіздікке қатер төнбейтінін атап өтті.
