Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстық іс аясында бірқатар лауазымды тұлға күдікке ілінді. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады.
Құзырлы органның мәліметінше, оқиға орнына қарап-тексеру жүргізіліп, 30-дан астам әскери қызметшіден жауап алынған. Сонымен қатар қажетті құжаттар мен бейнематериалдар тәркіленіп, 12 сараптама тағайындалған.
Тергеу барысында қызметіне салғырт қарады деген күдікке ілінген, сондай-ақ метеорологиялық жағдайларды ескере отырып, әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тиісті бақылау мен қажетті шаралардың қабылдануын ұйымдастырмаған және құтқару жұмыстарын тиісінше жүргізбеген лауазымды тұлғалар анықталған.
«Олардың әрекеттері салдарынан адамдардың қаза болғаны» айтылып, қазіргі уақытта күдіктілердің әрқайсысының әрекетіне құқықтық баға берілетіні хабарланды.
Еске салайық, 2026 жылғы 24 қыркүйекте Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде бастапқыда 9 әскери қызметшінің қаза болғаны хабарланған еді. Үш әскери қызметші құтқарылып, олардың біреуі ауруханаға жатқызылды.
Кейін қаза тапқан әскери қызметшілер саны 12 адамға жеткені, тағы екеуінің іздестіріліп жатқаны белгілі болды. Қорғаныс министрлігі қаза тапқан әскери қызметшілердің тізімін жариялады.
Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
Қайғылы оқиғаға байланысты Ақтауда үш күнге жоспарланған мерекелік іс-шаралар да өткізілмейтіні хабарланды.
