АҚШ президенті Дональд Трамптың Украина жөніндегі арнайы өкілі Кит Келлог Украина соғысты тоқтату үшін өз аумағының бір бөлігін Ресейге беруге мәжбүр болуы ықтимал екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай қадамға бару Украинаға қауіпсіздік кепілдіктерін алуға мүмкіндік беруі мүмкін.
Келлог Украина билігі қазіргі ресми ұстанымын сақтауы қажет екенін атап өтті. Алайда бейбіт келісімге келу үшін Киевтің Ресейге белгілі бір территориялық жеңілдіктер жасау жөнінде қиын шешім қабылдауы ықтимал екенін меңзеді. Осылайша ол Украина БҰҰ жанындағы өкілінің орынбасары Кристина Гайовишиннің «украин жері сатылмайды» деген мәлімдемесін түсіндірді.
Сонымен қатар, Келлог Трамп командасы Ресей өкілдерімен бірлесіп қауіпсіздік кепілдіктерін қамтитын «бейбіт жоспар» әзірлегенін айтты.
«Бұл жұмыста мен және Стив Уиткофф, Ресей тарапынан Кирилл Дмитриев, сондай-ақ украиндар қатысқан. Біз олардың қабылдамай қоюы өте қиын болатын ұсыныс дайындадық… Әлі өзгерістер енгізуді қажет ететін тұстар бар, бірақ мұндай мәселелер келіссөздер барысында шешіледі. Президент мұны түсінеді. Нәтижесінде келісімге келуге мүмкіндік беретін негіз бар деп ойлаймын», – деді Келлог.
Арнайы өкілдің айтуынша, ресейлік тарап бұл жоспарға өз түзетулерін енгізуі де мүмкін.
