Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан су-энергетикалық ынтымақтастықтың негізгі параметрлері мен өзара қолдау тетіктері жөнінде келісімге келді. Алматыда Қазақстан энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің жетекшілігімен өткен үш елдің су-энергетика ведомстволары басшыларының отырысында тараптар әріптестікті әрі қарай дамыту мәселелерін талқылады. Тоқтағұл су қоймасындағы күрделі жағдайға байланысты елдер бір-біріне электр энергиясын жеткізу арқылы қолдау көрсетіп, алдағы жылыту маусымы мен 2026 жылғы вегетациялық кезеңге дайындықты үйлестіру туралы уағдаласты.
Энергетика министрлігінің хабарлауынша, Қазақстан мен Өзбекстан күз-қыс мезгілінде Қырғызстанға электр энергиясын бере отырып, оған Тоқтағұлда су жинауға мүмкіндік жасайды. Жиналған су көлемі вегетация кезеңінде Қазақстан мен Өзбекстанның оңтүстік аймақтарының ауыл шаруашылығын тұрақты суаруға бағытталмақ. Сонымен бірге өңірде тұтынуды азайту және энергия үнемдеу бойынша бірлескен шараларды жүзеге асыру туралы келісім жасалды.
Келіссөздер достық және өзара түсіністік рухында өтті. Өзбекстан тарапы сондай-ақ энергия жүйесінің транзиті, жеткізілімдері және теңгерімін техникалық тұрғыда қамтамасыз етуге дайын екенін білдірді. Отырыс қорытындысы бойынша 2025–2026 жылдардағы қысқы электр энергиясы жеткізілімдерінің көлемін және 2026 жылғы вегетациялық кезеңге су жинауды құқықтық негізде айқындайтын үшжақты хаттамаға қол қойылды.
