Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Қазақстанның бірқатар өңірінде сирек металдардың жаңа кен орындарын ашуға мүмкіндік бар екенін мәлімдеді.
Министрліктің хабарлауынша, геологиялық зерттеу жүргізілетін нысандарды таңдауда, ең алдымен, нарықта сұранысқа ие минералдық шикізат түрлері ескеріледі. Жүргізілген талдау нәтижесінде елімізде түсті және асыл металдар, сирек жер металдары, кенді емес шикізат пен басқа да пайдалы қазбалар бойынша жаңа кен орындарын анықтауға әлеуеті жоғары аймақтар белгіленген.
Бұрын жүргізілген геологиялық зерттеулердің қорытындыларына сәйкес, Қазақстанның бірнеше өңірінде сирек металдардың жаңа кен орындарын табуға мүмкіндік бар. Атап айтқанда:
-
Солтүстік Қазақстанда – Көкшетау орта массиві шегіндегі Көкшетау сирек металл провинциясында;
-
Батыс Қазақстанда – Мұғалжар сирек металл провинциясында, литий-фторлы типтегі граниттер аумағында;
-
Шығыс Қазақстанда – Шыңғыстың оңтүстік-шығыс шетінде орналасқан Шыңғыс–Тарбағатай сирек жер металлогендік аймағында.
Сондай-ақ аталған өңірлердегі гранит пен пегматит жыныстарында сирек металдардың жаңа кен орындары болуы ықтимал екені айтылды.
Бұдан бөлек, Арал маңындағы сор алқаптарында, Бетпақдалада және елдің оңтүстігіндегі өзге де аймақтарда литийдің бар екенін көрсететін белгілер анықталған.
Министрлік мәліметінше, жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу жобалары пайдалы қазбаларға перспективалы учаскелерді анықтау және ел аумағын геологиялық картаға түсіру мақсатында жүзеге асырылады. Перспективалы аумақтардың нақты саны зерттеу жұмыстарының қорытындысы бойынша белгілі болады.
