2026 жылғы 19 шілдеден бастап Қазақстанда барлық банкке ортақ бірыңғай QR төлем жүйесі іске қосылады. Жаңа жүйе арқылы қазақстандықтар әртүрлі банктердің клиенттері арасында телефон нөмірі бойынша ақша аударып, бірыңғай QR-код арқылы төлем жасай алады.
Ұлттық банктің мәліметінше, банктер туралы заңға енгізілген өзгерістер күшіне енгеннен кейін бөлшек төлемдермен жұмыс істейтін барлық екінші деңгейлі банктер жаңа жүйеге қосылуға міндетті болады. Осыған байланысты қаржы ұйымдары белгіленген мерзімге дейін қажетті техникалық жаңартуларды аяқтауы тиіс.
Қазіргі уақытта 16 банк бірыңғай жүйеге қосылатынын растаған. Оның ішінде 12 банкте банкаралық ақша аударымдары қолжетімді болса, QR арқылы төлем жасау қызметі 7 банк пен «Қазпоштада» іске қосылған. Бір банк жүйені тестілеу кезеңінен өткізіп жатыр, ал қалғандары дайындық жұмыстарын жалғастыруда.
Ұлттық банк өкілдері жүйенің толық іске қосылуға дайын екенін мәлімдеді. Алайда банктердің жаңа платформаға қосылу қарқыны олардың техникалық дайындығына байланысты болмақ.
Реттеуші органның айтуынша, бірыңғай QR жүйесін енгізу банктердің жеке сервистерін дамытуына кедергі келтірмейді. Керісінше, қаржы ұйымдары биометриялық төлемдер сияқты қосымша қызметтерді жетілдіруді жалғастыра алады.
Мамандардың пікірінше, жаңа жүйе банк клиенттері үшін төлем жасауды жеңілдетіп, қаржы нарығындағы бәсекелестікті арттыруға және қызмет көрсету сапасын жақсартуға ықпал етеді.
