Миланда өткен қысқы Олимпиада ойындарының алтын жүлдегері, қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында оның «шығу тегі ресейлік» деп көрсетілуіне қатысты пікір білдірді.
Спортшының айтуынша, өзін ресейлік деп атау – оған деген құрметсіздікпен тең.
2024 жылдың соңында Гран-при кезеңінде сәтті өнер көрсеткеннен кейін кейбір басылымдар Михаил Шайдоровты «ресейлік спортшы» деп атаған. Миландағы Олимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алғаннан кейін де осындай ақпараттар қайта тарады.
Осы мәселеге байланысты Шайдоров былтыр қаңтар айында Sport+ арнасындағы «Тікелей әңгіме» бағдарламасында өз ұстанымын нақты жеткізген.
«Мен Алматыда дүниеге келдім. Сол жерде өсіп, қазір де сонда тұрып жатырмын. Уақытымның басым бөлігін Қазақстанда, өзімнің сүйікті қаламда өткіземін. Мәнерлеп сырғанауды “Рамстор” сауда орталығындағы мұз айдынында бастадым. Ол жерде көптеген спортшылар, соның ішінде Денис Тен де жаттыққан.
Ресейде де біраз уақыт болып, оқу-жаттығу жиындарына қатыстым. Алайда соңғы уақытта белгілі бір қиындықтарға байланысты көбіне Алматыда жаттығып жүрмін. Мені ресейлік спортшы деп атап жүргендерді көрдім. Бірақ мұны өзіме деген құрметсіздік деп есептеймін», – деді Михаил Шайдоров.
Айта кетейік, Италияда өткен Олимпиада ойындарында 21 жастағы Шайдоров қысқа бағдарламадан кейін бесінші орында тұрған. Алайда еркін бағдарламада тамаша өнер көрсетіп, барлық қарсыласын артта қалдырып, алтын медаль иеленді.
Бұл жүлде – Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы қысқы Олимпиададағы екінші алтыны. Бұған дейін алғашқы алтын медальді Владимир Смирнов 1994 жылы Лиллехаммерде өткен Олимпиадада 50 шақырымдық жарыста жеңіп алған еді.
