«Шын-Ар» ақпараттық порталы
Басты ақпаратэкономика

Қазақстанда үшінші ұлттық валюта пайда болды

Қазақстанда цифрлық теңгені енгізуге арналған нормативтік-құқықтық база ресми түрде бекітілді. Осылайша цифрлық теңге ұлттық валютаның үшінші түрі ретінде заңды мәртебеге ие болды.

Бұл туралы Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов мәлімдеді. Оның айтуынша, цифрлық теңге қолма-қол ақша және қолма-қол емес төлемдермен қатар қолданылатын болады.

«Бүгін ел үшін маңызды жобалардың бірі – цифрлық теңге. Оны реттейтін нормативтік-құқықтық база бекітілді. Ресми түрде цифрлық теңге Қазақстандағы ұлттық валютаның үшінші түрі болып саналады», – деді вице-министр.

Тұрысовтың мәліметінше, өткен жылы Ұлттық банкпен бірлесіп цифрлық теңгені қолдану бойынша шамамен 20 пилоттық жоба іске асырылған. Сынақ жобалары оң нәтиже көрсеткеннен кейін Үкімет пен Ұлттық банк цифрлық теңгені кең көлемде енгізу жоспарын бекіткен.

Жоспарға сәйкес, цифрлық теңге кезең-кезеңімен енгізіледі. Алғашқы кезеңде ол бюджеттік бағдарламалар аясындағы жобаларда қолданылады. Кейіннен Үкімет айқындайтын өзге де маңызды бағыттар мен жобаларды қамтиды.

Мамандардың пікірінше, цифрлық теңгені енгізу мемлекеттік қаржының жұмсалуын бақылауды күшейтіп, бюджет қаражатының ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар төлем жүйесінің тиімділігі мен қауіпсіздігін жақсартуға ықпал етеді.

Айта кетейік, цифрлық теңге ұлттық валютаның жаңа нысаны болғанымен, оның құны кәдімгі теңгемен бірдей болады және ол Қазақстанның қолданыстағы ақша жүйесінің құрамдас бөлігі саналады.

Ұқсас жаңалықтар

Дәрігерлер үшін ЭЦҚ міндеттеле ме? Денсаулық сақтау министрлігі жауап берді

Бүгін Нұрғиса Тілендиевтің туғанына – 100 жыл

Redaktor Shyn-Ar

Русофобиямен күресемін деген блогердің үстінен қылмыстық іс қозғалды