«Шын-Ар» ақпараттық порталы
ӘлеуметБасты ақпаратБілімДенсаулық

Жанайқайға – жауап жоқ: Ерекше балаларды білім жүйесі ұмытты

Мұғалім шарасыз, оқушы қорғансыз: Ерекше балаларға арналған білім жүйесі күйреп жатыр

 Инклюзия ма, әлде иллюзия ма? Қазақстанда ерекше балалардың білім алуы неге қиын болып тұр?

   Қазақстандағы инклюзивті білім беру жүйесі — ресми , қағаз жүзінде ғана дамып келеді. Ал нақты өмірде ше? Ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін тең мүмкіндік туралы ұрандар мен шынайы мектептегі жағдайдың арасында алшақтық бар. Ата-аналар мен мұғалімдер әлеуметтік желілерде өз тәжірибесін бөлісіп, жүйенің кемшілігін ашық та айтып жүр.

«Мен қызымды мектептен шығарып алдым»: Ата-ананың ащы шындығы

Threads желісінде assiyastory атты қолданушы өз жазбасымен көптеген ата-ананың жанайқайын дөп басты:

— Мен аутизмі бар қызымды жалпы білім беретін мектептен шығарып алдым. Күткен инклюзия мен шындық сәйкес келмеді. 40 баласы бар сынып — бұл менің балама ауыр. Ал мектептегі инклюзия — тек атау ғана. Іс жүзінде — формальды жүйе, — дейді ол жазбасында.

Жазба астына жүздеген пікір жиналған. Бірі мұғалімдердің дайын еместігін, бірі — мектептердің тек «инклюзия бар» деп көрсету үшін ерекше баланы жай ғана сыныпқа отырғызып қоятынын, ал нақты қолдау көрсетілмейтінін айтады.

Педагогтардың жанайқайы:  “Менде 30 бала, ал ерекше балаға қалай көңіл бөлемін?”

Пікір білдірген педагогтардың бірі ашық жазады:

«Балада жеңіл дәрежелі ақыл-ой кемістігі бар. Бірақ мен оны ағылшын тілінен барлық оқушымен бірдей оқытуым керек. Бұл мүмкін емес. Оған әуелі санау мен жазуды үйрету керек.»

Тағы бірі:

«Мен инклюзияны қолдаймын. Бірақ 30 бала отырған сыныпта бір өзім бәріне теңдей көңіл бөле алмаймын. Бізге басқа тәсіл керек», —  дейді.

Мұғалім дайын ба? Министрлік не дейді?

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, барлық педагогикалық ЖОО-ларда ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеу пәні енгізілген. Мәселен, еліміз бойынша:

  • 10 000 арнайы педагог,

  • 12 000 психолог және әлеуметтік педагог,

  • 3 500 педагог-ассистент жұмыс істейді.

Соңғы бір жылда 10 мыңнан астам мұғалім біліктілікті арттыру курсынан өткен.

Бірақ бұл жеткілікті ме?


Іс жүзінде не болып жатыр? Сарапшы: “Бұл — жолдың басы ғана, инклюзия әлі формальды деңгейде”

Көкшетау қаласындағы №19 мектептің дефектологы, облыстық ресурс орталығының үйлестірушісі Ілияс Жанғали Қазақстанда инклюзивті білім жүйесі енді ғана қалыптасып келе жатқанын ашық айтады.

«Иә, заң жүзінде жағдай жасалып жатыр. Бірақ қоғам да, мұғалімдер де ерекше балаларды толық қабылдауға дайын емес. Инклюзия бізде әлі де қағаз жүзінде.»

Ол шетелдік тәжірибені «АҚШ-та ата-аналар баласы дүниеге келмей жатып қолдауға ие болады. Бізде ата-ана баласын интернатқа беру немесе үйде оқыту деген екі ғана таңдау алдында қалады» деп мысалға келтіреді.

Сонымен қатар ол елімізде «Сертификат бар, білік жоқ. Курстар көп, нәтиже аз екенін айтады.

-Курстар жеткілікті, бірақ сапасы әркелкі. Жекеменшік курстар көбіне тек теория береді. Мұғалім сертификат алады, бірақ ерекше балаға қалай көмектесуді білмейді. Сол себепті қорқып, баланы сыныпқа қабылдағысы келмейді, — дейді Жанғали.

Ал Сарапшы бастаған мамандар тобы АҚШ тәжірибесіне сүйене отырып, «бірлескен оқыту» моделін сынақтан өткізуде. Олардың методы бойынша, сабақ екі педагогпен өтеді: бірі — негізгі материалды береді, екіншісі — ерекше балалармен немесе шағын топтармен жеке жұмыс істейді.

«Алғашқы нәтижелер жақсы. Балалар сабаққа көбірек қатысады. Мұғалім де шаршамайды, күйзелмейді. Бірақ бұл үшін кадр да, қаржы да, жүйе де керек.»

Проблема тамыры тереңде: қоғам дайын емес

Қазақстанда ерекше балалары бар отбасылар әлі де стигмаға, оқшаулануға және ресурстың жетіспеушілігіне тап болып отыр. Инклюзия — бұл жай білім беру емес, қоғамдық сана мен көзқарастың сынағы.


Инклюзияның мақсаты — баға емес, бейімделу

Сондай-ақ дефектолог Ілияс Жанғали: «Бала бірден оқып кетуі міндет емес. Әуелі ол қоғамда өмір сүруді үйренуі керек. Құрдастарымен араласуы, топта жұмыс істеуі, ойынға қатысуы — басты мақсат осы» дейді.


Инклюзия — шынайы қолдау ма, әлде сандар үшін жасалған шоу ма?

Иә, мемлекет заң қабылдайды, курс өткізеді, бағдарлама жасайды. Бірақ бұл мұғалімнің күйзелісін, ата-ананың қорқынышын, баланың жалғыздығын шешіп бермейді.

Инклюзия тек формальды жүйе болып қалса, Қазақстан ерекше балаларды қоғамнан қайтадан шеттетіп тынуы мүмкін.

Ал нақты қолдау үшін не қажет? деген сұраққа мамандар біріншіден Мұғалімді теориямен емес, практикалық түрде дайындау қажет екенін айтады. Сонымен бірге, ассистенттерді жеке маман ретінде даярлау, сынып жүктемесін азайту, қоғамның көзқарасын өзгерту секілді жұмыстармен көп айналысу қажет екенін айтады.

Қазақстан инклюзивті білім беруге алғашқы қадамдарын жасап жатыр. Бірақ оны жетілдіру үшін мұғалімдерді сапалы даярлау, қоғамның қабылдауын арттыру және жүйелі қолдау механизмдерін дамыту маңызды. Әйтпесе, инклюзия қағаз жүзінде ғана қалып, ерекше балалар шын көмекке қол жеткізе алмайды.

Дереккөз: baq.kz

Ұқсас жаңалықтар

Айына миллион: Қазақстанда ең жоғары жалақы алатындар анықталды

Қырымнан бас тарту мүмкін бе? – Трамп Зеленскийге қатысты ойын айтты

Redaktor Shyn-Ar

22 мамырда ел бойынша дабыл сиреналары қосылады