Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі және ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қолдаудың жаңа тетіктері енгізіледі. Бұл туралы Мәжілісте өткен талқылауда Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова мәлімдеді.
Заң жобасы білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау салаларын біріктіретін бірыңғай жүйе құруды көздейді. Соның аясында ерте анықтау мен ерте қолдаудың ортақ стандарты енгізіледі.
Жобаға сәйкес арнайы білім беру ұйымдары, әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары және алғашқы медициналық-санитарлық көмек мекемелерінің базасында ерте араласу қызметтері дамытылады. Сонымен қатар үш сала арасындағы деректер біріктіріліп, интеграцияланған цифрлық модуль іске қосылады. Бұл кешенді қолдау шараларын автоматтандыруға мүмкіндік береді.
Ата-аналарға қажетті ақпарат проактивті форматта ұсынылады. Жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігі кеңейіп, олар ерте анықтау жүйесін дамытуға, кадрмен қамтамасыз етуге және инфрақұрылымды жетілдіруге міндеттеледі.
2028 жылдан бастап арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау ұйымдарын лицензиялау енгізіледі. Бұл қызмет сапасын арттыруға және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Сонымен қатар педагог кадрларды даярлау және қайта даярлау тетіктері күшейтіледі. Тәрбиешілер, бастауыш сынып мұғалімдері мен педагог-психологтар арнайы педагогика бойынша қосымша білім ала алады.
Жобада қозғалысы шектеулі балаларды техникалық құралдармен қамтамасыз ету, сондай-ақ ерекше балаларға арналған кәсіптік білім беру мамандықтарының арнайы тізімін әзірлеу қарастырылған. Бұл олардың еңбек нарығына бейімделуіне жол ашады.
Жалпы алғанда, заң жобасы ерекше балаларды ерте анықтап, оларға кешенді әрі жүйелі қолдау көрсетуді мақсат етеді.
Еске салайық, бұған дейін министрлік баланың жағдайы көбіне балабақшада анықталатынын айтып, инклюзия саласындағы негізгі түйткілдерді атаған болатын.
