Түркістан облысында әкесін соққыға жықты деген күдікке ілінген ер адамға қатысты тергеу аяқталды. Қылмыстық іс үш ай бойы тергелді.
Көршілерінің айтуынша, ерлі-зайыпты қарияны бірнеше рет ұрып-соғып, аулада сүйреген. Бұл сәттер бейнежазбаға түсірілген. Алайда көршілер зейнеткер көз жұмғаннан кейін ғана видеоны жариялап, полицияға хабар берген. Тергеу барысында 40 жастағы ер адам мен оның жұбайы балаларының көзінше қарияға жүйелі түрде күш көрсеткені анықталды.
Қарияның нақты неден қайтыс болғанын анықтау мақсатында эксгумация жүргізіліп, сот-медициналық сараптама тағайындалды.
Нәтижесінде марқұмның ұлына екі бірдей айып тағылды: дәрменсіз адамды азаптау және денсаулыққа қасақана зиян келтіру. Айыпталушы 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылып, жазасын колонияда өтеуі мүмкін.
Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысында ер адамның өз әкесін қорлап, балағаттап, ұрып-соққан видеосы әлеуметтік желіде тараған болатын. Осыдан кейін облыстық полиция күдіктіні қамауға алған. Оның асаба болып жұмыс істейтіні белгілі болған соң, бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды.
