«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АймақтарАқпаратЗаң

Тасжолда жүрген жүргізушілерге қате айыппұл келген: ІІМ түсініктеме берді

Қазақстанда бірқатар жүргізушіге тасжолда жылдамдық асырғаны үшін қате айыппұл салынған. Ішкі істер министрлігі бұған ақпараттық жүйедегі техникалық ақау себеп болғанын хабарлады.

Мәселе 13-14 тамыз күндері Бас прокуратураның ЕРАП жүйесінде болған техникалық ақаудан кейін туындаған. Соның салдарынан тасжолдардағы орташа жылдамдықты асыру фактілері жүйеде қате өңделіп, әкімшілік құқық бұзушылық туралы қаулы ретінде қалыптасқан.

Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Қабденовтің айтуынша, қате айыппұл алған жүргізушілердің полицияға барып, қосымша дәлел ұсынуына немесе өз бетінше шағым түсіруіне қажет жоқ.

«Қате қалыптастырылған барлық қаулы анықталды және автоматты түрде жойылады», – деді ол.

Яғни жүргізушілерге бұл мәселе бойынша қосымша әрекет жасаудың қажеті жоқ. Қаулылар ақпараттық жүйе арқылы автоматты түрде жойылады.

Ал айыппұлды төлеп қойған азаматтардың ақшасы не болады?

ІІМ қазір төленген қаражатты қайтару тетігін әзірлеп жатқанын мәлімдеді. Ведомствоның хабарлауынша, мәселе жеке бақылауға алынған.

Бұл ретте «ҚазАвтоЖол» трассалардағы жол қозғалысын бақылау кешендері штаттық режимде жұмыс істегенін түсіндірді. Камералар көліктердің жылдамдығын дұрыс тіркеп, ақпаратты Әкімшілік өндірістердің бірыңғай тізілімінің процессингтік орталығына жіберген.

Компания мәліметінше, қате ақпаратты тіркеу кезінде емес, уәкілетті органның ақпараттық жүйесінде қаулыларды автоматты түрде қалыптастыру кезеңінде пайда болған.

«Анықталған техникалық ақау автомобиль жолдарындағы орташа қозғалыс жылдамдығын тіркеудің дұрыстығына байланысты емес», – деп мәлімдеді «ҚазАвтоЖол».

ІІМ бұл жағдайдың тек техникалық ақау салдарынан қате қалыптастырылған айыппұлдарға қатысты екенін атап өтті. Сондықтан басқа негіздер бойынша салынған айыппұлдар бұл тәртіпке кірмейді.

Қаулының мазмұнына, оны қайта қарауға немесе шағымдануға қатысты сұрақтары бар азаматтар әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша өндірісті жүргізетін уәкілетті органға жүгіне алады.

Ұқсас жаңалықтар

«Бұл – жала»: Амантай қажы әйелді итерді деген айыпқа қатысты жауап берді

Айзат Жұманованың өлімі: Бишімбаев ісінен кейін танылған сарапшы сотта жауап береді

Ақорда Тоқаевтың маңызды үндеуін жариялады