Онлайн казиноларды жарнамалағаны үшін танымал блогерлер Қайсар Қамза мен Никонет заң алдында жауап беруі мүмкін. Экономист әрі сарапшы Айбар Олжайдың Threads желісіндегі жазбасына қарағанда, бұл жолы әкімшілік жаза емес, қылмыстық жауапкершілік мәселесі көтеріліп отыр.
Олжайдың айтуынша, Қайсар Қамза онлайн құмар ойындарына тіркелу жолдарын егжей-тегжейлі көрсеткен. Бұл әрекет мемлекет тарапынан қатаң бақылауға алынып, блогердің барлық қаржылық шоттары бұғатталған.
«Мемлекет мұндай жарнамаға көз жұма қарай алмайды. Қайсар мен Никонетке қатысты нақты шаралар қабылдануы мүмкін. Енді тек айыппұлмен құтылу кезеңі өтті», – дейді экономист.
Бұл жаңалық желі қолданушыларын бейжай қалдырмады. Әлеуметтік желілерде әртүрлі пікір айтылуда:
-
«Никонетті түрмеге жаба ма екен?»
-
«Қайраттың футболкасындағы 1xBet жарнамасы қайда қалды?»
-
«Онлайн казиноларды біржола бұғаттау керек, жарнамалағандарды жазалаудан бұрын»
-
«Кейбір блогерлер әлі күнге дейін жарнама жасап жүр, мысалы Ақбота»
-
«Қайсар шетелде болса, экстрадиция жасала ма?»
Қоғамда резонанс тудырған бұл жағдай блогерлердің жарнамалық қызметіне, сондай-ақ онлайн казиноларға қатысты мемлекеттік саясаттың өзгеруіне себеп болуы мүмкін.
