«Шын-Ар» ақпараттық порталы
Ақпарат

НЗМ-дегі оқушы әрекеті қоғамда резонанс тудырды: Мектеп басшысы не дейді?

Оқушы мұғалімге балағат сөз айтқан: НЗМ басшысы мектептің ұстанымын айтты
ашық дереккөзден

Алматы қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінен (НЗМ) шығарылған 11-сынып оқушысы төңірегіндегі жағдай қоғамда қызу талқылануда. Оқу ордасы бұл мәселеге қатысты ресми мәлімдеме жасап, жағдайдың мән-жайын түсіндірді.

Мектеп ұстанымы өзгермейді

НЗМ басқарма төрағасы Әнуар Жанғозиннің айтуынша, оқушы, ата-аналар, педагогикалық ұжым, сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігі мен өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкілдер қатысқан арнайы кездесу өткен. Кездесу нәтижесінде қабылданған шешім қайта қаралғанымен, мектеп өз ұстанымынан айнымаған: оқушы оқудан шығарылып, мемлекеттік жалпы білім беретін мектепке ауыстырылды.

«Оқушының ата-анасы тарапынан бұл шешімге қарсылық болмады. Назарбаев Зияткерлік мектептері оқушыларға әрдайым қолдау көрсетіп, өзара сыйластықты басты қағида ретінде ұстанады. Алайда, ұстаздарға құрмет – бұлжымас талап», – деді Жанғозин.

Оқушының үндеуі мен денсаулық жағдайы

Даулы шешім қоғамда резонанс тудырғаннан кейін оқушы бейнеүндеу жасап, әрекеті үшін бірнеше мәрте кешірім сұрағанын айтты. Ол мектеп басшылығын өзіне қатысты жалған ақпарат таратты деп айыптап, білімін дәл осы мектепте жалғастыруға мүмкіндік беруді сұрады.

Кейін құқық қорғаушы Аида Боқаева жасөспірімнің денсаулығы нашарлап, ауруханаға түскенін хабарлады.

«Сұңқардың жүйкесі сыр беріп, қызуы көтерілді. Ол 21 мамырдан бері тамақ ішпеген. Емтихан тапсыруға мүмкіндік болады деп үміттенген. Алайда, керісінше шешім қабылданған соң, жағдайы нашарлап кетті», – деді Боқаева.

Министрлік: Мұғалімнің абыройы – бүкіл жүйенің беделі

Оқу-ағарту министрлігі де бұл жағдайға қатысты пікір білдіріп, ұстаз мәртебесінің заңмен қорғалатынын еске салды.

«Ұстаз – ұлттың ұстыны. Оған құрметпен қарау – әр оқушы мен ата-ананың борышы. Мұғалімнің абыройына күмән келтіру – бүкіл білім жүйесінің беделіне нұқсан келтірумен тең», – деді министрліктің ресми өкілі.

Министрлік оқушының өкініш білдіргенін атап өтіп, НЗМ жағдайды адамгершілік, кешірімділік және ұстаздық ұстаным тұрғысынан қарап, әділ шешім қабылдайды деген үміт білдірді.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев бұл жағдайға жеке назар аударып, Балалардың құқықтарын қорғау комитетіне және өңірлік департаменттерге арнайы тапсырмалар берген. Министрліктің мәліметінше, НЗМ басқарма төрағасы бұл істі жеке бақылауына алған.

Ұқсас жаңалықтар

Үкіметтің қазіргі ұсынып отырған ҚҚС мөлшерлемесі тым жоғары — Тоқаев

shyn_ar_admin

Хасан Қасымбаевқа қатысты тергеу аяқталды

Похолодание, ливни и снег нагрянут в Казахстан

Пікір жазу