Ресей Мемлекеттік думасының депутаттары Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінде көлік құралдарының алдыңғы терезесін қараңғылауға рұқсат беруді ұсынды. Бұл бастама Ресей думасының еңбек және әлеуметтік саясат комитетінің төрағасы Ярослав Ниловтың Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаевқа жолдаған ресми хатында көтерілді.
Хатта айтылғандай, ЕАЭО елдерінде ауа температурасы жиі +30–40 градусқа дейін жетеді. Мұндай аптап ыстықта көлік ішіне түсетін тікелей күн сәулелері жүргізушіге қолайсыздық тудырып, жол қозғалысы қауіпсіздігіне кері әсер етуі мүмкін. «Жүргізуші жоғары температураға байланысты алаңдайды, бұл көлікті басқару сапасын төмендетіп, жол-көлік оқиғаларына себеп болуы мүмкін», – делінген хат мәтінінде.
Айта кетейік, маусым айында Қазақстанда да осыған ұқсас ұсыныс жасалған болатын. Respublica партиясының депутаттары көлік терезесін қараңғылауға тыйымды алып тастап, мұндай қызмет үшін 50 АЕК көлемінде (196 600 теңге) төлем енгізуді ұсынған еді.
Алайда бұл бастаманы Қазақстанның Ішкі істер министрлігі қолдамады. Ведомство өкілдерінің айтуынша, көліктің алдыңғы терезесі қараңғыланса, полиция қызметкерлерінің жүргізушінің қауіпсіздік белдігін таққанын немесе телефонмен сөйлесіп отырғанын визуалды түрде бақылауы қиындайды.
Еске салайық, бұған дейін елімізде көлік терезесінен қолын шығарып отырған жүргізушілерге айыппұл салынатыны хабарланған болатын.