Рамазан айы – адам баласының жан дүниесіне үңіліп, ішкі тепе-теңдігін табатын ерекше кезең. Алайда ораза ұстау белсенді өмір салтынан толық бас тарту деген сөз емес. Керісінше, бұл уақытта жан мен тәнге байыппен қарап, қозғалысты дұрыс үйлестіру маңызды. Осындай сәттерде таулы орта тыныштық пен сергектікті қатар сыйлайтын қолайлы кеңістік бола алады.
Shymbulak курортының клиенттерге қызмет көрсету бөлімінің мәліметінше, өткен жылдары ораза ұстаған райдерлер сырғанау үшін көбіне кешкі уақытты – ауыз ашқаннан кейінгі мезгілді таңдаған. Қонақтардың сұранысын ескере отырып, курорт инфрақұрылым мен сервисті Рамазан айына бейімдеген.
«Рамазан кезінде адамдар тауға көбіне таза ауа жұтып, серуендеп, жай қарқынмен сырғанап, өзімен-өзі қалып, ой жинақтау үшін бірнеше сағатқа келеді. Осыған байланысты курорт аумағында намаз бөлмелері мен дәрет алуға арналған орындар қарастырылған. Мейрамханалар ауызашарға арналған арнайы мәзір ұсынады. Сонымен қатар әр сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері сағат 19:00-ден 23:00-ге дейін түнгі сырғанау мүмкіндігі бар екенін еске саламын. Рамазан – мұндай форматтағы сырғанауды әлі байқап көрмегендер үшін тамаша мүмкіндік», – дейді Темірлан Жүсіп.
Мамандар ораза кезінде агрессивті қарқыннан және күрделі трассалардан бас тартуға кеңес береді. Оның орнына бірқалыпты ырғақпен, техникаға мән беріп, жай сырғанаған дұрыс. Өз жағдайын бақылап, демалыс пен белсенділікті дұрыс үйлестіру ораза тәртібін бұзбай, тауда серуендеуге мүмкіндік береді.
Физикалық жүктемені шамадан тыс арттырмаған жөн. 1,5–3 сағаттық сырғанау ағзаға артық салмақ салмай, жағымды эмоция мен серпін сыйлауға жеткілікті.
«Ораза кезінде адам ағзасындағы сусыздану процесі мен ет қызуы әдеттегіден айқынырақ сезіледі. Сол себепті жеңіл, ауа өткізетін қабатты киім кию, желден қорғану және қажет болған жағдайда артық қабатты тез шешіп тастау мүмкіндігі аса маңызды. Осы қарапайым әрі әмбебап қағидаларды сақтасаңыз, сырғанау жайлы өтеді», – дейді тау шаңғысы және сноуборд мектебінің жетекшісі Николай Хан.
Таза, қоңыр салқын тау ауасындағы қысқа серпіліс Рамазан күндерін тыныштықпен, ой тазалығымен және ішкі қуатпен толықтыра алады.
