2026 жылдың бірінші жартыжылдығында әлеуметтік міндеттемелерді орындауға қомақты қаражат бөлінді. Бұл туралы Үкімет әлеуметтік саладағы атқарылған жұмыстардың қорытындысын жариялады.
Жыл басынан бастап ынтымақты және базалық зейнетақы төлемдерін 10 пайызға индекстеуге шамамен 4,9 трлн теңге бағытталды. Нәтижесінде 2,6 миллионға жуық зейнеткердің төлемі ұлғайды.
Үкіметтің мәліметінше, индексациядан кейін жиынтық зейнетақының ең төменгі мөлшері 105 мың теңгеге, ең жоғарысы 238 мың теңгеге жетті. Орташа зейнетақы көлемі 198 мың теңгені құрады.
Сонымен қатар жинақтаушы зейнетақы жүйесінің тұрақты дамуы жалғасуда. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) жинақ көлемі 25,7 трлн теңгеге жетіп, жұмыспен қамтылған халықтың шамамен 69 пайызын қамтыды.
Балалы отбасыларға қолдау артты
Үкіметтің хабарлауынша, биыл отбасылар мен балаларды әлеуметтік қолдау шаралары да күшейтілді.
Бала тууына байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақы 149,8 мың адамға төленіп, оған 29,6 млрд теңге жұмсалды. Ал 131,2 мың жұмыс істемейтін ата-анаға бір жарым жасқа дейінгі бала күтімі бойынша ай сайынғы төлем беріліп, оның жалпы көлемі 21 млрд теңгені құрады.
Көпбалалы аналарға көрсетілетін қолдау аясында 248,7 мың марапатталған анаға 43,9 млрд теңге көлемінде жәрдемақы төленді. Сонымен қатар 636 мың көпбалалы отбасыға ай сайынғы әлеуметтік төлем ретінде 303,3 млрд теңге бөлінді.
Әлеуметтік төлемдерге миллиардтаған теңге бағытталды
Асыраушысынан айырылған азаматтар мен өзге де әлеуметтік санаттағы 896,3 мың адамға жалпы 332,7 млрд теңге төленді.
Оның ішінде:
- еңбек ету қабілетінен айырылған 92,7 мың адамға – 25 млрд теңге;
- асыраушысынан айырылған 66 мың отбасыға – 19,1 млрд теңге;
- жұмыссыз қалған 236,5 мың адамға – 62,6 млрд теңге;
- жүктілік және босануына байланысты 70,1 мың әйелге – 72,7 млрд теңге;
- бала күтімі бойынша 431 мың адамға – 153,3 млрд теңге бағытталды.
АӘК пен мүгедектігі бар азаматтарға қолдау
Атаулы әлеуметтік көмек 36,4 мың отбасының 196,4 мың мүшесіне тағайындалып, оған 17 млрд теңге жұмсалды. Бұдан бөлек, осы отбасылардағы мектепке дейінгі жастағы 61 мың балаға қосымша ай сайынғы төлем берілді.
Сондай-ақ мүгедектігі бар 545 мың азаматтың мемлекеттік жәрдемақысы 10 пайызға өсіп, орташа төлем көлемі 87 мың теңгені құрады.
