Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Қытайда өмір бойына бас бостандығынан айырылған Ақжарқын Тұрлыбайға қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, бұл істі одан әрі қарау және тиісті рәсімдерді жүргізу Бас прокуратураның құзырында.
«Біз сыртқы саяси ведомство ретінде қажетті барлық шараларды жасадық. Бұдан кейінгі жұмыстар ақпарат алмасу форматында Бас прокуратура деңгейінде жалғасады», – деді Смадияров Үкімет отырысынан кейін.
Журналистердің елшілік өкілдері Ақжарқынмен кездескен-кездеспегені жөніндегі сұрағына Смадияров:
«Шетелдегі түрмелерде отырған азаматтарымызға бару – консулдың жыл сайынғы міндеті. Бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр», – деп жауап берді.
Бұған дейін Ақжарқын Тұрлыбай жазасын Қазақстанда өтеуге ниетті екенін білдіріп, Бас прокуратураға өтініш жолдағаны хабарланған. Сәуір айында оның экстрадицияланатыны жөнінде ақпарат тарағанымен, бұл мәліметті Бас прокуратура ресми түрде растаған жоқ.
Еске салайық, 2015 жылы Қытайдың Гуанчжоу қалалық соты Ақжарқын Тұрлыбайды есірткі заттарын контрабандалық жолмен өткізді деген айыппен өмір бойына бас бостандығынан айырған болатын. 2021 жылы Қытай тарапы оны Қазақстанға қайтарудан бас тартқан.