Ұлытау облысында су мен кәріз жүйелерінің тозуы індет қаупін күшейтіп отыр — әкім орынбасары
Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары Жәнібек Нөпіров Мәжілісте өткен «Жалпы сипаттағы трансферттерді айқындау жөніндегі жаңа тәсілдер» тақырыбындағы Үкімет сағатында өңірдегі қордаланған проблемаларды көтерді. Ол әсіресе ауыз су сапасы мен кәріз жүйелерінің жағдайына алаңдаушылық білдірді.
«Жезқазғанның су тазарту жүйесі 90%-ға тозған»
Нөпіровтің айтуынша, Жезқазған қаласындағы су тазарту құрылғылары 1966 жылы салынған және бүгінде олардың 90%-ы тозған. Қала тұрғындары ашық су қоймасынан алынған суды тұтынады.
— Әлеуметтік желілерде краннан ағатын лай судың видеолары тарады. Бұл жағдай — тұрғындар үшін қалыпты жағдайға айналған. Қазіргі таңда жерасты суын тарту үшін «Айдос» су-кен орындарында бұрғылау жұмыстары басталды, — деді ол.
Кәріз жүйесі істен шыққан, қалдықтар суға құйылады
Су жүйесінен бөлек, Жезқазған мен Сәтбаев қалаларындағы кәріз тазарту инфрақұрылымының жағдайы да сын көтермейді. Жезқазғанда кәріз жүйесінің 75%-ы, Сәтбаевта 90%-ы тозған. Нөпіровтің сөзінше, бұл қалдықтардың ел ішетін су қоймасына қайта құйылып жатуы мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды.
— Бұл — тұрғындардың денсаулығына елеулі қауіп төндіретін фактор. Биыл көктемде 16 800 киіктің қырылуы тіркелді. Оның бір бөлігі дәл осы су алу аймағында болды. Мұндай жағдай індет таралу қаупін тудырады, — деді әкім орынбасары.
Қаржыландыру әдістемесі тәуекелдерді ескермейді
Жәнібек Нөпіров қаржыландыруды айқындайтын жаңа әдістеменің кемшіліктеріне де тоқталды. Оның айтуынша, әдістеме халық саны мен климаттық ерекшеліктерді есепке алғанымен, санитарлық-эпидемиологиялық қатерлер мен экологиялық төтенше жағдайларды ескермейді.
Еске салайық, 2025 жылғы 2 мамырда Мәжілістегі Үкімет сағатында премьер-министрдің орынбасары, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин әлеуметтік маңызы бар бірнеше бағдарламаның күшін жою жоспарланып отырғанын мәлімдеген болатын. Олардың қатарында «Ауыл – Ел бесігі» және «Қалалардың шет аймақтарын дамыту» бағдарламалары бар.