Қазақстанның болашағы – тек экономикалық даму мен саяси реформаларда ғана емес, ең алдымен әрбір отбасының ішіндегі тәрбие мәдениетінде қалыптасатын құндылықтарда. Ұрпақтың сапасы – ұлттың сапасы. Осы қарапайым, бірақ терең қағиданы өмірлік миссиясына айналдырған «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі соңғы жылдары еліміздегі ең маңызды әлеуметтік бастамалардың біріне айналып отыр.
2021 жылдың 28 шілдесінде Нұркен Асановтың бастамасымен құрылған Сенімен Болашақ бес жылдың ішінде тек ұйымдық құрылым ретінде емес, қоғамдағы ата-ана мәдениетін қалыптастыратын ірі әлеуметтік қозғалыс деңгейіне көтерілді. Бүгінде ұйымның 16 өңірлік филиалы жұмыс істеп, 146 мыңнан астам ата-ана мен азаматты ортақ мақсатқа біріктіріп отыр. Бұл көрсеткіш – жай ғана статистика емес, қоғамдағы сұраныстың, қажеттіліктің және өзгеріске деген ұмтылыстың нақты көрінісі.

Қазіргі заман ата-анасының алдында бұрын болмаған жаңа сын-қатерлер тұр. Телефон мен әлеуметтік желіге тәуелділік, жасөспірімдер арасындағы буллинг, отбасылық қарым-қатынастың әлсіреуі, баламен ашық диалогтың азаюы – мұның бәрі тек жеке отбасының мәселесі емес, тұтас қоғамның болашағына әсер ететін факторлар. Осындай жағдайда ата-ананың жалғыз қалмауы, қолдау мен бағыт-бағдар алуы аса маңызды.
«Сенімен Болашақ» дәл осы қажеттіліктен туындаған әлеуметтік көпір қызметін атқарып отыр. Ұйым психологтар мен педагог мамандардың қатысуымен тұрақты семинарлар, тренингтер, ашық кездесулер өткізіп, ата-аналарға тек теориялық білім беріп қана қоймай, нақты өмірде қолдануға болатын практикалық дағдыларды қалыптастыруға ықпал етеді. «Саналы ата-анаға арналған жадынама» секілді материалдар отбасындағы қарым-қатынасты жақсартуға, бала тәрбиесінде ортақ тіл табуға көмектесетін маңызды құралға айналған.
Ұйымның жобалары да қоғамға нақты әсер етіп келеді. «Сенімен саяхат» жобасы ата-ана мен баланың бірге уақыт өткізіп, еліміздің тарихи-мәдени орындарын тануына мүмкіндік беріп, отбасылық байланысты нығайтады. Ал «Болашақ жеңімпаз» бастамасы жасөспірімдердің кәсіби бағдарын айқындап, олардың болашақ мамандық таңдаудағы сенімін арттыруға бағытталған.
Әр өңірдегі филиалдар мектептермен, жастар орталықтарымен және жергілікті атқарушы органдармен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Бұл тәрбие процесін тек отбасы деңгейінде емес, қоғам деңгейінде жүйелі түрде қолдауға жол ашып отыр. Түрлі аймақтарда өткен «Ата-ана – ұлттың ұясы» форумдары жүздеген ата-ананы бір алаңға жинап, бала тәрбиесі, жауапкершілік, құндылықтар туралы ашық пікір алмасуға мүмкіндік берді. Алматы қаласында ұйымдастырылған тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға арналған кездесулер отбасылық қауіпсіздік мәдениетін күшейтуге нақты ықпал етті.
Ұйымның негізгі идеялық өзегі – әділдік, туралық, талапшылдық, жандану және әдептілік сияқты бес ұлттық құндылық. Бұл қағидалар тек сөз жүзінде емес, әрбір жобаның мазмұнында, әрбір кездесудің бағыты мен мақсатын айқындайтын негізгі тірекке айналған.
Ұйымның негізін қалаушы Нұркен Асановтың пікірінше, қоғамдағы ең үлкен өзгеріс ең алдымен отбасынан басталады. Бала ең бірінші тәрбиені мектептен емес, үйден, ата-ананың іс-әрекетінен алады. Сондықтан саналы ата-ана қалыптастыру – саналы ұлт қалыптастырудың басты шарты.
Қысқа уақыт ішінде ұйымның кең көлемде танылуы оның жұмысының жүйелілігі мен қоғамға әсерінің айқын дәлелі болды. 2025 жылы ҮЕҰ-ға арналған мемлекеттік сыйлықты иеленуі атқарылған еңбектің жоғары бағалануы ретінде қабылданды. Бұл жетістік ұйымның әлеуметтік саладағы тиімділігін ғана емес, оның болашаққа бағытталған стратегиялық маңызын да көрсетеді.
Бүгінде ата-аналар үшін ақпарат пен қолдау алудың жаңа мүмкіндіктері ашылған. Ұйымның цифрлық платформалары мен Telegram-бот арқылы кеңес алу қызметі кез келген азаматқа жедел көмек пен бағыт-бағдар алуға жол ашып отыр.
Қоғамның сапасы оның ата-анасының сапасына тікелей байланысты. Егер ата-ана саналы болса, бала да саналы болады. Ал саналы ұрпақ – мықты мемлекеттің негізі. «Сенімен Болашақ» осы қағиданы нақты іске айналдырып, мыңдаған отбасының өміріне оң өзгеріс әкеліп отыр. Саналы азамат – сапалы мемлекеттің кепілі, ал саналы ата-ана – сол болашақтың берік іргетасы.
Бифат ЕЛТАЕВА
