Үкімет 2026–2029 жылдарға арналған халықтың табысын арттыру жоспарын бекітті. Құжатта жалақыны көтеру, жаңа жұмыс орындарын ашу, азық-түлік бағасын тұрақтандыру, ауыл тұрғындарын қолдау және қарыз жүктемесін азайту шаралары қарастырылған.
Жоспар бойынша жалақы инфляциядан жоғары қарқынмен өсіп отырады. Мемлекеттік қолдау алатын кәсіпорындар қызметкерлеріне өңірдегі орташа деңгейден төмен емес жалақы төлеуге міндеттеледі. Сонымен қатар ең төменгі жалақы көлемі қайта қаралады.
2029 жылға дейін жыл сайын 240 мыңға дейін тұрақты әрі әлеуметтік кепілдіктері бар жұмыс орындарын ашу көзделген.
Азық-түлік бағасын ұстап тұру үшін әлеуметтік маңызы бар тауарларға сауда үстемесі 15 пайыздан аспайды. Сондай-ақ азық-түлік тасымалы арзандап, ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері жалғасады.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы ауыл тұрғындарына шағын бизнес пен шаруашылықты дамыту үшін 30 мыңнан астам жеңілдетілген микрокредит беріледі.
Үкімет азаматтардың несие жүктемесін азайтуды да жоспарлап отыр. Несие рәсімдеу шарттары жеңілдетіліп, жасырын комиссиялар қысқартылады. Қаржылық қиындыққа тап болған азаматтар үшін банкроттық рәсімін өткізу мерзімі қысқарады.
Такси жүргізушілері, курьерлер және фрилансерлер сияқты цифрлық платформалар арқылы жұмыс істейтін азаматтардың әлеуметтік құқықтары мен кепілдіктерін күшейту де көзделген.
Әлеуметтік қолдау аясында аз қамтылған отбасыларға тиесілі жеңілдіктер туралы хабарламалар автоматты түрде жіберіледі. Ал кейбір азаматтар тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі.
Сондай-ақ 2029 жылдан бастап ипотекалық несие бойынша төленетін пайыздарға толық салықтық жеңілдік беру мәселесі қарастырылуда.
Үкімет бұл шаралар халықтың табысын арттырып, өмір сүру деңгейін жақсартуға бағытталғанын мәлімдеді.
