Ғұламалар кеңесінің қорытындысында саналы түрде балалы болудан толықтай бас тарту ислам қағидаларына сәйкес келмейтіні айтылған.
Чайлдфри – балалы болмауды саналы түрде таңдап, оны өмірлік ұстаным ретінде қабылдаған адамдардың көзқарасы. Бұл үрдіс алғаш Батыс елдерінде кең таралып, кейін әлеуметтік желілер арқылы әлемнің көптеген мемлекеттеріне тарады.
ҚМДБ түсіндіруінше, ерлі-зайыптылар белгілі бір себептерге байланысты жүктілікті уақытша кейінге қалдыра алады. Алайда жауапкершіліктен қашу немесе тұрмыстық қиындықтарды алға тартып, балалы болудан әдейі бас тарту исламда құпталмайды.
«Бұл – шариғат үкіміне қайшы ұстаным. Сондай-ақ Пайғамбарымыздың сүннетіне де сәйкес келмейді. Көптеген хадистерде үйленіп, ұрпақ көбейтуге үндеген», – деді ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Медет Құрмашұлы.
Осылайша, мүфтият чайлдфри идеологиясына діни тұрғыдан теріс баға берді.
Сонымен қатар Қазақстан заңнамасы азаматтардың жеке таңдау құқығын қорғайды. Елде ешкімді балалы болуға немесе балалы болмауға мәжбүрлеуге жол берілмейді.
