«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратҚоғам

Яндекс.Таксилерге бағаны шарықтатуға шектеу қойылды

Қазақстанда Яндекс.Таксидің баға қалыптастыру жүйесіне қатысты тексерістен кейін, компанияға тарифтерді негізсіз өсіруге тыйым салынды. Аудитті Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бірлесіп жүргізген.

Министрліктің хабарлауынша, баға алгоритмінде тұтынушыларға теріс әсер етуі мүмкін бірқатар тәуекел анықталған. Олардың бір бөлігі жойылса, қалғаны бойынша Яндекс міндеттемелер алды.

Компания енгізуге келіскен негізгі өзгерістер:

Тарифтер мен базалық құнды көтерер алдында 3 күн бұрын ескерту;

Әуежай тарифтік аймағынан кейбір тұрғын аудандарды шығару;

Жүргізушілердің табысын азайтпау үшін жол құнының екі есесінен артық комиссия ұстамау;

«Эконом» тарифіндегі комиссияны екі жылда бір реттен жиі көтермеу;

Максималды сұраныс кезінде тарифті 3 еседен артық өсірмеу (бұл шектеу әр тоқсандағы сапарлардың 5%-ынан аспауы тиіс);

Сапар бағасының толық құрылымын 2025 жылдың 30 маусымына дейін қосымшада ашық көрсету;

Техқолдаудың тиімділігін арттыру.

Сонымен қатар, сұраныс шектен тыс артқан сәттерде «Эконом» тарифіне виртуалды кезек жүйесі енгізіледі. Бұл арқылы пайдаланушылар такси сұрап тұрған адамдардың санын көріп, не күту, не басқа тарифті таңдау, не қоғамдық көлікке отыру шешімін өздері қабылдай алады.

Яндекс бұдан былай жеңілдіктер бағдарламасының шығындарын толық өзі өтейді. Бұл өзгерістер пайдаланушылардың құқықтарын қорғап, әділ нарық қалыптастыруға бағытталған.

Ұқсас жаңалықтар

Астана қаласы «Сарыарқа» ауданының әкімі тағайындалды

Алматыдан 122 шақырым қашықтықта жер сілкінді

Түрмедегі екі мыңнан астам әйел бостандыққа шығуы мүмкін

Redaktor Shyn-Ar

Пікір жазу