«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратСот

Заңгер әрі блогер Әділетхан Молдахан 2 жыл 6 айға сотталды

Алматы қаласының Алмалы аудандық соты заңгер әрі блогер Әділетхан Молдаханға қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды. Сот шешімімен ол 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Судья Ернар Қасымбековтың үкіміне сәйкес, Молдахан жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Сонымен қатар оған 5 жыл бойы қоғамдық-саяси және публицистикалық қызметпен айналысуға тыйым салынды. Атап айтқанда, осы мерзім ішінде әлеуметтік желілерде, бұқаралық ақпарат құралдарында және телебағдарламаларда жарияланым жасауына шектеу қойылды.

Сот азаматтық талаптарды да қанағаттандырды. Үкімге сәйкес, жәбірленушілер ретінде танылған Алматы қалалық полиция департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Ержан Ұзабаев пен әкімшілік полиция басқармасының бұрынғы басшысы Серік Шұмаевтың әрқайсына 2 миллион теңгеден моральдық өтемақы, сондай-ақ сот шығындарын өтеуге жалпы 2 миллион теңге төлеу міндеттелді.

Әділетхан Молдаханға бастапқыда Қылмыстық кодекстің 274-бабы 2-бөлігінің 3-тармағы – онлайн-платформалар арқылы көрінеу жалған ақпарат тарату бойынша айып тағылған болатын. Кейін мемлекеттік айыптаушы айыпты осы баптың 3-бөлігіне қайта саралауды сұрады. Бұл норма ірі залалға немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілікті көздейді.

Қылмыстық іс биыл наурыз айында Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол-көлік оқиғасынан кейін Молдахан жариялаған бейнежазбаларға байланысты қозғалған. Блогер өз материалдарында түнгі заңсыз жарысты ұйымдастыруға құқық қорғау органдарының жекелеген қызметкерлерінің қатысы болуы мүмкін деген мәлімдеме жасаған.

Еске салсақ, жол апаты 21 наурызға қараған түні болған. Александр Пак басқарған Zeekr маркалы көлік қарсы бағытқа шығып кетіп, Mercedes-Benz автокөлігімен соқтығысқан. Салдарынан Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушы оқиға орнында көз жұмды.

Апаттан кейін Ішкі істер министрлігі Алматы полициясының бірқатар басшыларын қызметінен босатты. Сонымен қатар полиция басшыларының бірінің жүргізушісіне қатысты қызметтік әрекетсіздік фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Әділетхан Молдахан 31 наурызда көрінеу жалған ақпарат таратты деген күдікпен ұсталып, кейін соттың санкциясымен екі айға қамауға алынған еді.

Ал жол апатына қатысты іс бойынша Александр Пак кінәсін толық мойындап, сот үкімімен 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ оған өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айыру жазасы тағайындалған.

Ұқсас жаңалықтар

Шылым мен шу үшін жаза күшейді: Айыппұл – 58 мың, тіпті қамау бар

242 млн теңге жұмсалған Steppe Rider: Қазақ тілін үйрететін ойын неге өтпей қалды?

Қазақстанда ер адамдардың бос уақыты әйелдерге қарағанда екі есе көп