Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты Ұлттық сейсмологиялық бақылау және зерттеу ғылыми орталығы әлеуметтік желілерде тараған Қазақстанда жақын күндері жойқын жер сілкінісі болады деген ақпаратқа қатысты ресми түсініктеме берді.
Алматы қаласы әкімдігінің мәліметінше, соңғы уақытта әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде және түрлі интернет-платформаларда ел аумағында күшті жер сілкінісі болатыны жөнінде расталмаған хабарламалар кеңінен тараған.
Алайда мамандар мұндай болжамды растайтын ғылыми негіз жоқ екенін айтты. Олардың сөзінше, Алматы маңында жойқын жер сілкінісінің жақындағанын көрсететін қандай да бір ерекше сейсмикалық белсенділік немесе ауытқу тіркелмеген.
«Қазіргі ғылым жер сілкінісінің нақты қашан, қай жерде және қандай күшпен болатынын дәл болжай алмайды. Сондықтан тек ресми ақпарат көздеріне сүйеніп, әлеуметтік желілерде тараған қауесеттерге сенбеуге шақырамыз», – делінген ғылыми орталықтың хабарламасында.
Сонымен қатар сейсмологтар жер сілкінісіне алдын ала дайындық әр азаматтың қауіпсіздігі үшін маңызды екенін еске салды. Мамандар төтенше жағдайға арналған сөмкені әзірлеп қоюды, үйдегі қауіпсіз орындарды алдын ала анықтауды және отбасы мүшелерімен төтенше жағдайда әрекет ету тәртібін келісіп алуды ұсынады.
Алматыда сейсмикалық бақылау жүйесі күшейтіліп жатыр
Қалада жер сілкінісін ерте анықтап, тұрғындарды жедел хабардар етуге арналған автоматтандырылған жүйені дамыту жұмыстары жалғасуда.
Қазіргі таңда 40 нүктенің орналасуы нақтыланып, оның 35-інде сейсмикалық станцияның құрылысы аяқталған. Нысандар геологиялық және сейсмикалық ерекшеліктер ескеріліп таңдалған. Жаңа станциялар қолданыстағы бақылау желісіне қосылып, мониторингтің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
2025 жылдан бері Алматы мен оған іргелес аумақта барлығы 70 автоматтандырылған ерте ескерту станциясын орнату жобасы жүзеге асырылып келеді. Бүгінде Алматы облысындағы 65 станцияның құрылысы аяқталған. Қалған бес нысанды жыл соңына дейін іске қосу жоспарланған. Кейін олардың барлығы жұмыс істеп тұрған 28 ерте ескерту станциясымен біріктіріледі.
Тұрғындарды хабардар ету жүйесі жетілдіріледі
Төтенше жағдай кезінде халыққа жедел ақпарат жеткізу үшін Mass Alert жүйесін енгізу жұмыстары да жалғасуда.
Бұған қоса Алматы агломерациясының сейсмогеодинамикалық жағдайын зерттеуге арналған үш жылдық ғылыми жоба іске асырылуда. Оның аясында тектоникалық жарықтардың цифрлық картасы, сейсмикалық модель және геодинамикалық белсенді аймақтардың картасы әзірленіп жатыр. Сондай-ақ мамандар жер қыртысының қозғалысы мен деформациясын тұрақты бақылауда ұстап отыр.
Ал 2023–2024 жылдары жүргізілген ғимараттарды кешенді тексеру қорытындысы негізінде Алматыдағы тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың сейсмикалық қауіпсіздігін арттыруға арналған 2026–2035 жылдарға арналған іс-қимыл жоспары бекітілді.
