Бүгін Мәжілісте Конституцияның 30 жылдығына орай рақымшылық жариялауды көздейтін заң жобасы қаралды. Құжаттың екінші бабына сәйкес, егер қылмыс адамға зиян келтірмесе немесе келтірілген залал толық өтелсе, орташа ауырлықтағы қылмыс жасағандарға рақымшылық қолдану қарастырылған. Сонымен қатар, ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша жаза мерзімін қысқарту мүмкіндігі де бар.
Талқылау барысында Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи сыбайлас жемқорлыққа қатысты рақымшылық мәселесін нақтылауды сұрады.
– Бізде жемқорлық деген бір дерт бар. Оларды рақымшылыққа жатқызамыз ба? Себебі жемқорлықтың үлкен-кішісі болмайды. Аз мөлшердегі немесе толық жемқорлық деп бөлудің өзі дұрыс емес. Бұл қалай жіктеледі? – деді депутат.
Оған жауап берген Мәжіліс депутаты Абзал Құспан заң жобасында бұл мәселеге нақты шектеулер қойылғанын атап өтті.
– Заң жобасының 4-бабында рақымшылық қолданылмайтын баптар нақты көрсетілген. Олардың қатарында сыбайлас жемқорлық сипатындағы барлық қылмыстар бар. Қазіргі таңда бас бостандығынан айыру орындарында осы санат бойынша 624 адам жазасын өтеп жатыр. Олардың ешқайсысына рақымшылық қолданылмайды, – деді ол.