Балалардың құқықтарын қорғау комитеті ерекше балаға қатысты оқиғаға пікір білдірді
Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті Астанадағы қоғамдық көлікте ерекше бала мен оның анасына көрсетілген дөрекілікке байланысты мәлімдеме жасады. Ведомство өкілдері оқиғаға қатысты алаңдаушылық білдіріп, қазіргі уақытта бейәдеп әрекет көрсеткен әйелдің жеке басы анықталып жатқанын хабарлады.
Әлеуметтік желіде тараған видеода қоғамдық көлікте белгісіз әйел ерекше балаға қатысты құрметсіздік танытып, бала мен оның анасына қатігездікпен сөйлегені бейнеленген. Автобуста болған әңгіменің бір бөлігі мынадай:
– Балаң жыныма тиіп тұр, – дейді әйел.
– Жыңыңызға тисе, ол сіздің мәселеңіз, – деп жауап береді ана.
– Қалай менің мәселем? Оның үстіне хиджабпен келіп… – деп жалғастырады әйел.
– Менің киіміме тиіспеңіз, – дейді ана.
– Балаңды тыныштандыр, – дейді әйел.
– Ол тыныш отыр, – деп жауап береді ана.
– Жоқ, тыныш емес. Балаң ашулы, – дейді әйел.
– Себебі ол аутизмге шалдыққан. Ол ерекше бала. Ал сіз ұятсыз әйелсіз. Мұндай сөз айтуға қалай дәтіңіз барады? Бұл – мүмкіндігі шектеулі бала! – деп жауап қайтарады ана.
Осы оқиғаға орай комитет ресми түрде пікір білдіріп, мұндай әрекеттерге жол берілмеуі тиіс екенін атап өтті.
“Мұндай әрекетке жол беруге болмайды. Қазіргі таңда әйелдің жеке басы анықталып жатыр. Оқу-ағарту министрлігінің қызметінде балалардың құқықтарын қорғау және инклюзивті білім беруді дамыту – басты басымдықтардың бірі. Әрбір бала, даму ерекшеліктеріне қарамастан, құрметке, қорғауға және қоғам өміріне толық қатысуға құқылы”, – делінген комитет мәлімдемесінде.
Министрлік барлық ересектерді балалардың құқықтарын қатаң сақтауға, сондай-ақ олардың қауіпсіздігі мен ар-намысын кез келген жағдайда қорғауға шақырды.
“Бала мүддесін қорғау – білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың басты бағыты”, – деп атап өтті ведомство.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде тараған видеода бір әйел автобуста ерекше қажеттілігі бар балаға тіл тигізіп, оны “топас” деп балағаттағаны және анасының хиджаб киіміне қатысты дөрекі пікір айтқаны қоғамда үлкен резонанс тудырған еді.