«Шын-Ар» ақпараттық порталы
ӘлеуметБасты ақпарат

«Билік қазақ тіліне қиянат жасады» деу – бос әңгіме — Ерлан Қарин

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин желідегі парақшасында қоғамда талқыға түскен қазақ тіліне қатысты пікір білдірді.

— Кешеден бері әлеуметтік желілерде мемлекеттік тілдің мәртебесіне қатысты әртүрлі пікір айтылып, қызу талқының тақырыбына айналғанын көріп отырмыз. Ой бөліскен, көзқарасты ашық білдірген дұрыс. Бірақ «билік қазақ тіліне қиянат жасады» деу – бос әңгіме, даурықпа сөз. Аттанға салып, айғайға басып, жоқ жерден шу шығаратындай ештеңе болған жоқ. Мемлекеттің тілге қатысты ұстанымы сол қалпы. Қазақ тілін еліміздегі этносаралық қатынас тіліне айналдыруға қатысты бағытынан айнымай, өз арнасымен тұрақты түрде жалғаса береді, — деп жазды Ерлан Тынымбайұлы.

«Ол Ассамблея сессиясында Президенттің бұл мәселені тағы да айқын жеткізгенін атап өтті. Сонымен бірге, қазақ тілінің келешегіне күмәнмен қарауды доғаратын кез келді деп мәлімдеді.»

— Мен мұны бұрын да айтқанмын, тағы да қайталағым келеді. Керісінше, қазақ тілінің қоғамдағы рөлі жыл өткен сайын артып келеді. Ең бастысы, қазақ тілі – жастардың тіліне айналды. Жас ғалымдар, өнерпаздар, кәсіпкерлер ана тілімізді кеңінен қолданып, өз бағыттарында барынша дамытып жатыр. Демек «қазақ тілінің болашағы жоқ» деп айту ешқандай қисынға келмейді.Бірақ бұл жерде бір нәрсені түсінуіміз керек: мемлекеттік тілдің мәртебесі «ұр да жық» әдіспен өспейді. Қазақ тілін қалқан етіп популистік әрекетпен айналысуға болмайды. Нағыз тілге жанашыр адам бұлай жасамайды. Және қазіргідей алмағайып заманда мұндай әрекеттер елдегі жағдайға зиянын тигізуі мүмкін, — делінген жазбада.

«Ерлан Қарин мемлекеттік тілдің абыройын арттыру ісі жүйелі жоспармен және тиянақты жұмыспен жүзеге асатынын баса айтты.»

— Сондықтан туған тіліміздің тамырын тереңдету ісін алдағы уақытта да ақыл-парасатпен атқаруға тиіспіз.

 

Сөз соңында мына дүниені айтқым келеді. Бүгінде елімізде тек қазақ тіліне қатысты ғана емес, жалпы ұлттық бірегейлікті, ұлттық болмысымызды дәріптейтін ауқымды бастамалар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Ұлттық мерекеміз Наурыз жаңаша сипат алып, өзгеше аталып жатыр. «Ұлттық киім күнін» қоғам өте жылы қабылдады. Биыл алғаш рет өткен «Ұлттық кітап күні» де халқымызға пайдалы бастаманың бірі болмақ. Осылай бәрі бірте-бірте ретке келеді, — деп түсіндіреді Мемлекеттік кеңесші.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстандықтар Magnum сауда үйіне «Байкот» жариялады

Оразада мұсылмандар тұтынатын өнімдер қымбаттай ма?

Шерзат Полатты өлтіру ісі бойынша соттың басталатын күні белгіленді

Пікір жазу