Астанадағы автобус апаты салдарынан аяғынан айырылған 8 жастағы Алуаның қазіргі жағдайы белгілі болды
Астанадағы жол апатынан ауыр жарақат алған 8 жастағы Алуаның ағасы әлеуметтік желідегі парақшасында қарындасының қазіргі жағдайы туралы жазба жариялады. Оның айтуынша, кішкентай қыз психологиялық және физикалық тұрғыда ауыр кезеңді бастан кешіріп жатыр.
«Мүлде ұйықтамайды — күндіз де, түнде де. Сәл мызғып алуы үшін арнайы дәрі беруге мәжбүрміз. Үнемі жылайды. “Аяғым қайда?” деп сұрағанда, жүрегіміз қарс айрылады. Бұл біз үшін — ең ауыр сәттер. Жалпы жағдайы — тұрақты», — деп жазды Алуаның ағасы.
Балалар омбудсмені Динара Закиева да Алуаның жағдайымен танысып қайтқанын мәлімдеді.
«Алуашқа барып, анасымен бірге оңалту мен протездеу мәселелерін талқыладық. Кішкентай қызбен сөйлестік, бірге кітап оқыдық. Ол біраз пицца жеді. Қазір үнемі көтеріп жүруді немесе далаға шығаруды сұрайды», — деді омбудсмен.
Сонымен қатар, Закиева Алуаның денсаулығына және отбасына қатысты барлық мәселе Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің тікелей бақылауында екенін атап өтті.