Әнші Дильназ Ахмадиева мен «Азия» тобының «Milfa» әніне түсірілген бейнебаян әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Көпшіліктің сынына ұшыраған клиптің Алматы қаласындағы колледждердің бірінде түсірілгені белгілі болды.
Алматы қаласының Білім басқармасы бейнебаян түсірілімінің алдын ала келісілмегенін мәлімдеді.
Ведомствоның мәліметінше, түсірілім кезінде колледж директоры қызметтік іссапарда болған. Оның міндетін уақытша атқарған тұлға түсірілім жүргізуге рұқсат берген.
Бастапқыда Дильназ Ахмадиеваның колледж студенттерімен кездесіп, өмір жолы мен шығармашылық қызметі туралы әңгімелесуі жоспарланған. Алайда түсірілімнің нақты мақсаты, сценарийі және дайындалатын бейнематериалдың мазмұны колледж әкімшілігі тарапынан жеткілікті деңгейде тексерілмеген.
Осы жағдайға байланысты Білім басқармасы жауапты тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық және тәртіптік тұрғыдан баға беріп, тиісті шаралар қабылдайтынын мәлімдеді.
«Түсірілім жұмыстарын тиісті келісімсіз ұйымдастыруға жол берген колледж директорының міндетін атқарушының тәртіптік жауапкершілігі қаралады», – делінген басқарманың ресми жауабында.
Айта кетейік, бұған дейін Астанада мектеп гардеробында оқушылар арасында кептеліс туындағаннан кейін білім беру ұйымының директоры қызметінен босатылғаны хабарланған еді.
