Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген БҰҰ-ның Халықаралық көші-қон ұйымының (ХКҰ) жаһандық ізгілік елшісі болып тағайындалды.
Бұл жағымды жаңалық 8 желтоқсанда Женевада өткен ХКҰ кеңесінің жыл сайынғы сессиясында жарияланды.
Dimashnews мәліметінше, жаңа мәртебе Димаштың ұйыммен көпжылдық ынтымақтастығының заңды жалғасы. Былтыр ол өңірлік ізгі ниет елшісі атанып, миграция, адам саудасы және осал топтардың мәселелерін көтеруге бағытталған гуманитарлық кампанияларға белсенді атсалысқан. Сондай-ақ БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Қазақстанға жасаған сапары кезінде Димаштың өнер арқылы гуманитарлық бастамаларды ілгерілету жөніндегі идеясын жоғары бағалаған еді.
Биыл әртіс ХКҰ-мен ынтымақтастығын кеңейтіп, Рамазан айындағы қайырымдылық акцияларына қатысты және адам саудасына қарсы жобаларды қолдады. Әлемдік Stranger туры барысында Нью-Йорк, Мехико, Барселона, Лондон және Берлин қалаларында инклюзивтілік пен бірлік жайлы ойларын көпшілікке жеткізіп, ХКҰ миссиясының танылуына елеулі үлес қосты.
8 желтоқсандағы кеңес отырысында Димаш БҰҰ мүше мемлекеттері делегацияларының алдында S.O.S d’un terrien en détresse композициясын орындады. ХКҰ бас директоры Эми Поуп әртістің гуманитарлық бастамаларға қосқан үлесін ерекше атап өтті.
“Димаш өз дауысын тек өнер үшін ғана емес, қоғамда еленбей қалуы мүмкін адамдардың даусын жеткізу үшін қолданып келеді,” — деді ол.
Жаңа мәртебені қабылдаған Димаш Құдайберген бұл міндеттің аса жауапты екеніне тоқталды:
“Жаһандық ізгі ниет елшісі атану – зор мәртебе. Мен инклюзивтілік пен қауіпсіз миграция идеяларын ілгерілетуді, сондай-ақ ХКҰ-ның дағдарыс кезіндегі қызметін қолдауды жалғастырамын”, — деді әртіс.
