Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев 50 жасқа дейінгі ер азаматтарды әскерге шақыру туралы тараған ақпаратқа қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, мұндай бастама немесе жоспар Қорғаныс министрлігінде қарастырылып жатқан жоқ.
«50 жасқа дейінгі ер азаматтарды әскерге шақыру мәселесіне келсек, бізде ондай жоспар жоқ. Егер басқа да пікірлер айтылып жатса, оған тиісті жауапты құзырлы өкіл беруі керек», – деді вице-министр.
Еске салайық, бұған дейін Астана қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілі, полковник Ғани Артықовтың мәлімдемесі әлеуметтік желіде кеңінен тарап, қоғам арасында қызу талқыланған болатын.
Кейін Қорғаныс министрлігі ресми түсініктеме беріп, «әскерде болмаған 27 жастан асқан барлық қазақстандықтар қайта даярлауға жіберіледі» деген ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді.
