Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен кәсіпкер Гаджи Гаджиевтің ұсталғаны туралы әлеуметтік желілерде тараған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
«Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі жанындағы Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы ресми түрде хабарлайды: Гүлнар Бажкеноваға тиесілі (“Orda” және “Bazhkenova vs.”) ресурстарда жарияланған мәлімет жалған. Әдейі жалған ақпарат тарату қоғамдық сенімге нұқсан келтіріп, оқиғаларға бұрмаланған көзқарас қалыптастырады», – делінген ресми хабарламада.
Орталық азаматтарды тек ресми, тексерілген дереккөздерге сенуге шақырып, Қазақстан заңнамасына сәйкес жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.
Бұл мәселеге қатысты ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров та пікір білдірді:
«Министр Мұрат Нұртілеудің ұсталғаны туралы хабарлама шындыққа жанаспайды. Мұндай жалған ақпарат тарату – журналистік этикаға да, қолданыстағы заңнамаға да қайшы», – деді ол.
Сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитеті де Telegram-арналарда тараған бірқатар жоғары лауазымды қызметкерлердің қамауға алынғаны туралы ақпараттың жалған екенін ресми түрде жоққа шығарды.
«ҰҚК бұл мәліметтердің шындыққа жанаспайтынын мәлімдейді. Қасақана жалған ақпарат тарату қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады», – делінген комитеттің хабарламасында.
