Қазақстанда шетелдік интернет-казиноларға ойыншылардың қаражатын аударумен айналысқан делдалдар тобына қатысты тергеу аяқталды. Күдіктілер арнайы төлем жүйесі арқылы заңсыз құмар ойын сайттарына ақша аударып отырған. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.
Тергеу мәліметінше, күдіктілер өз бақылауындағы үш компания арқылы ақша аударуға арналған арнайы жүйе құрған. Оған түрлі банктерге тиесілі жүздеген төлем терминалы қосылған.Аталған жүйе арқылы Nomadgames, Sultangames, Pinco, Pin-UP, Vavada, Mostbet және 1WIN интернет-казиноларына қаражат аударылған. Жалпы ақша айналымы 191 млрд теңгеге жеткен. Ал күдіктілер делдалдық қызметі үшін 286 млн теңге комиссия алған.
Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарлауынша, ақша аударымдарының шынайы мақсатын жасыру үшін компаниялар мен жеке кәсіпкерлердің деректері пайдаланылған. Олардың кейбірі өз атына төлем терминалдары тіркелгенінен бейхабар болған.Сонымен қатар күдіктілер жалған келісімшарттар жасап, арнайы сайттар ашқан. Осы арқылы интернет-казиноларға жіберілген қаражат тауарлар мен қызметтердің ақысын төлеу ретінде көрсетілген. Кейін ақша шетелге, оның ішінде криптовалюта арқылы аударылған.
Қазіргі уақытта заңсыз ақша аудару жүйесін ұйымдастырды деген күдікке ілінген бір адам қамауға алынған. Сот шешімімен төрт автокөлік пен 103 млн теңге қолма-қол ақшаға тыйым салынды.
Тергеу аяқталып, қылмыстық іс сотқа жолданды.
Айта кетейік, бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі Pinco және Pin-Up интернет-казиноларының заңсыз қызметін ұйымдастырды деген күдікпен Ресей азаматы Дмитрий Пунин мен Украина азаматы Марина Ильинаға іздеу жариялаған болатын. Тергеу нұсқасы бойынша, олар Қазақстан аумағында заңсыз құмар ойын бизнесін жүргізу үшін төлем ұйымдары мен банк терминалдарын пайдаланған. Аталған жүйе арқылы 106 млрд теңгеден астам қаражат айналымға түскен.
