Түркістан облысының Жетісай ауданында құны 2,8 млрд теңге болатын мақта өңдеу зауытының жұмысына кедергі болған мәселе шешімін тапты. 2025 жылдан бері техникалық су тапшылығына байланысты толық қуатта жұмыс істей алмаған кәсіпорын енді өндірісін бастауға мүмкіндік алды.
Түркістан облыстық прокуратурасының мәліметінше, «Бірлік-Е» ЖШС-не тиесілі өндірістік нысанның іске қосылуына техникалық сумен қамтамасыз ету мәселесі кедергі келтірген. Соның салдарынан зауыт белгіленген қуатында жұмыс істей алмаған.
Мәселені реттеу мақсатында Жетісай аудандық прокуратурасы инвесторды сүйемелдеу аясында тиісті жұмыстар жүргізген. Нәтижесінде прокуратураның үйлестіруімен инвестор, мердігер және аудан прокуратурасы арасында үшжақты меморандум жасалды.
Қабылданған шаралардың арқасында кәсіпорынның өндірістік қажеттілігін өтеу үшін арнайы ұңғымалар қазылып, бір ай ішінде нысан техникалық сумен толық қамтамасыз етілді.
Жоба толық қуатына шыққан кезде зауыт жылына 50 мың тонна мақта талшығын терең өңдеп, 200 адамды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Бұл өңірдегі ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласын дамытуға және өндірістік әлеуетті арттыруға серпін бермек.
Сонымен қатар прокуратура жергілікті атқарушы органдардың әрекетсіздігіне байланысты қадағалау актісін енгізген. Соның нәтижесінде екі лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Аталған жоба өңір экономикасына инвестиция тарту, ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеу және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы маңызды бастамалардың бірі болмақ.
