Талдықорғандағы Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша сот процесі жалғасуда
Талдықорғанда Шерзат Болаттың өліміне байланысты өтіп жатқан ашық сот процесінде жарыссөз кезеңі басталды. Мемлекеттік айыптаушылар айыпталушыларға қатысты жаза мерзімін жария етті.
Прокурор Дана Сәрсенбай марқұм Шерзат Болатты «тірі болуға лайық жан» деп атап өтті. Оның айтуынша, бұл іс қоғамда үлкен резонанс туғызып, жұрт арасында алаңдаушылық тудырған.
Айыптаушы тарап соттан келесі жаза түрлерін тағайындауды сұрады:
-
Абзал Шынасыл – ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігі (Адам өлтіру), 293-бап 3-бөлігі (Бұзақылық), 24-бап 3-бөлігі (Қылмысқа дайындалу және оқталу) бойынша 23 жыл бас бостандығынан айыру;
-
Равиль Сакиев – Адам өлтіру және бұзақылық бойынша 20 жыл;
-
Азамат Тоқтаубаев – Бұзақылық және ұрлық (қосымша саралау мүмкіндігі бар) бойынша 15 жыл;
-
Шыңғыс Белғожаев, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Дидар Қалиахмет – бұзақылық бойынша әрқайсысы 7 жыл;
-
Нұрқияс Ілясов – бұзақылық бойынша 9 жыл;
-
Дидар Ысқақ (кәмелет жасқа толмаған) – ауыр қылмыс туралы хабарламау (ҚК 434-бап) бойынша 1 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру.
Сот отырысында жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеев қосымша екі куәгерді шақыру туралы өтініш білдірді. Сондай-ақ көлікте жазылған дыбыстық жазбалар тыңдалып, ондағы әңгімелер сотта жария етілді.
Сот барысында айыпталушы Шыңғыс Белғожаевтың оң мінездемесі мен денсаулық жағдайына қатысты мәліметтер ұсынылды. Ал Дархан Әскентай өз сөзінде оқиғаның негізгі себебі туралы пікірін білдірді.
Куәгерлер Эльмира Нұрбекова мен Дана Жақсыгелдінің әрекеттеріне қатысты «жалған айғақ берді» деген күдікпен жеке қаулы шығарылуы сұралды.
Марқұм Шерзат Болаттың әкесі әр айыпталушыдан 20 млн теңге өтемақы талап етті.
Сот процесі жалғасуда.