Шерзат Полаттың өліміне байланысты өтіп жатқан атышулы сот процесі жалғасуда. Соңғы отырыста істі қарап жатқан судья Ержан Жанұзақов сотқа қатысы жоқ тараптардың араласуына қатысты қатаң ескерту жасады. Оның айтуынша, бұл сот әділдігіне кері әсерін тигізуі мүмкін.
Судья сөзін ресми ескертуден бастады. Ол сот процесіне мүлде қатысы жоқ адамдардың әлеуметтік желілерде немесе басқа алаңдарда тергеу барысы мен сот талқылауына қатысты субъективті пікір білдіруге құқығы жоқ екенін атап өтті.
– Қазақстан Республикасы Конституциясының 75-бабының 1-тармағына сәйкес, сот төрелігін тек сот қана жүзеге асырады. Іске кез келген түрде араласуға жол берілмейді және ол үшін заңда жауапкершілік көзделген. Үкім заңды күшіне енбейінше, процесс бойынша түсіндірме беруге немесе құқықтық баға беруге болмайды. Судья — тәуелсіз және бейтарап тұлға. Ол іске жан-жақты әрі объективті баға беріп, заң аясында шешім қабылдауға міндетті, – деді Ержан Жанұзақов.
Судья сондай-ақ үкім шықпай жатып судьяның әрекетіне баға беруге болмайтынын айтып, бұл әрекеттерді «қысым көрсету» ретінде бағалауға болатынын ескертті. Мұндай қысым үшін заңмен жаза қарастырылатынын да нақтылады.
Судьяның бұл пікірі адвокат Джохар Өтебековке бағытталған болуы мүмкін. Себебі ол осыған дейін бірнеше рет сот процесіне қатысты өз пікірін ашық білдірген.
Айта кетейік, 6 мамырда өткен сот отырысында айыпталушылардың бірі Дархан Әскентай төбелеске қатыспағанын мәлімдеген болатын. Оның сөзінше, ол 4 қазан күні «Қамажай» дүкеніне сыра алуға барған, ал Шерзат Болатты кастетпен ұрғаннан кейін жағдайы нашарлап, досы Нұрбол Тоқтабайды көмекке шақырған. Төбелеске Қаржаубайдың пышақ алып шығуы және Шерзаттың біреуді ұруы себеп болғанын жеткізді.
Дархан тергеу кезінде өзіне қысым көрсетілгенін, адвокатсыз жауап бергенін, сондықтан шындықты енді айтып жатқанын атап өтті. Ол кейбір күдіктілерді танымайтынын, ешкімге қол көтермегенін және бұл оқиғаға кездейсоқ тап болғанын алға тартты. Айыптаулармен келіспейтінін, тек өз әрекетіне ғана жауап беруге дайын екенін мәлімдеді.
Сот отырыстары жалғасуда.