Ашылғанына бір жыл болған Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінде дау шықты. Еуразия арнасының хабарлауынша, оқу орнының ректоры жергілікті оқытушыларды «оңтүстіктіктерсіңдер», «жемқорсыңдар» деп айыптап, жаппай жұмыстан шығарған. Еңбек ұжымының айтуынша, қысым мен кемсітушілікке ұшыраған ұстаздар министрліктен араша сұрап отыр.
2023 жылы Президент тапсырмасымен Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті екіге бөлініп, оның негізінде жаңа ұлттық университет құрылған болатын. Осыған байланысты оқытушылар да екі жаққа бөлінді. Алайда жаңадан құрылған оқу орнының қызметкерлері еңбек демалысына шыға алмай, келісімшарттары жарты жылда төрт рет өзгергенін айтып, наразылық білдіруде. Ал осы уақыт аралығында 30-ға жуық оқытушы жұмыстан шығарылған.
Университет ұстаздарының айтуынша, ректор қызметкерлерге ашық түрде:
«Оңтүстіктікілер – топас, жемқор. Мен сендермен жұмыс істей алмаймын. Солтүстіктен мамандар әкелемін», – деп мәлімдеген.
Мұндай мәлімдемелердің кесірінен тәжірибелі мамандар – техника ғылымдарының докторы, профессор Сейітхан Қойбақов пен техника ғылымдарының кандидаты, доцент Рахима Джурумбаева жұмыссыз қалған.
«Екеуі де – гидротехника саласының білікті мамандары. Неліктен жұмыстан босатылғаны бізге түсініксіз», – дейді аға оқытушы Алтай Игіліков.
Оқытушылардың айтуынша, оқу орны ұлттық университет мәртебесін алғанымен, жалақылары төмен, материалдық база әлсіз, ал студенттердің жағдайы – мүшкіл.
Биыл 400-ден аса студент бітіруге тиіс. Алайда олар дипломдық жобалармен әлі таныспаған, ал ректордың шешімі бойынша емтихандарды шетелдік ғалымдар қабылдайды. Егер олар кешенді емтиханнан өте алмаса, дипломдық қорғауға жіберілмейді.
«Мұндай талаптар студенттерге алдын ала ескертілуі керек еді», – дейді Алтай Игіліков.
Мәселеден хабардар болған Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Таразға барып, жағдаймен танысты. Алайда әзірге ректорды қызметінен шеттету жоспарланбаған. Министрдің айтуынша, бұл мәселе тек министрлік деңгейінде емес, Үкіметтің қарауында.
«Бұл – коммуникацияның дұрыс болмауы. Оны тез арада түзету керек. Мен өзім міндеттеме алдым. Бірнеше рет жұмыс тобымен келіп, барлық ішкі мәселені шешеміз. Университетке білікті орынбасарлар жіберіледі», – деді Саясат Нұрбек.
Министрдің мәліметінше, университеттің материалдық-техникалық базасын нығайту үшін 5,5 млрд теңге қажет, оның 3,5 млрд теңгесі биылғы бюджеттен бөлінеді.