Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 5 қаңтарда «Turkistan» газетіне берген сұхбатында Қаңтар оқиғасының түпкі себептері мен салдарын ашық айтып, заңсыз иемденілген активтерді елге қайтару саяси науқан емес, мемлекеттің мызғымас ұстанымы екенін мәлімдеді. Мемлекет басшысы бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайтынын, алайда алдағы кезеңде инвесторлардың құқығын қорғауға басымдық берілетінін атап өтті.
Президенттің айтуынша, Қаңтар оқиғасына қатысты тергеу жұмыстарының негізгі кезеңі аяқталған. Тергеу үдерісі азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен, ашық әрі бейтарап форматта жүргізілген. Осы мақсатта қоғамдық комиссиялар құрылып, оларға білікті заңгерлер жетекшілік еткен. Бұл барлық жағдайдың ақ-қарасын анықтауға мүмкіндік берді. Мемлекет басшысы азаматтық жауапкершілік танытып, кәсіби деңгей көрсеткен азаматтық қоғам өкілдеріне алғысын білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың наурыз айында Парламентте арнайы қоғамдық тыңдау өтіп, Қаңтар оқиғасына және еліміздің конституциялық құрылымын бұзуға бағытталған әрекеттерге жан-жақты баға берілгенін еске салды. Кейбір сот процестері мен қаңтар кезінде ұрланған қару-жарақты іздестіру жұмыстары әлі де жалғасып жатқанын айтты. Сол күндері қылмыскерлер үш мыңнан астам қару-жарақты иемденгенімен, күштік құрылымдар олардың басым бөлігін анықтаған.
Президент бүлік бір мезетте он екі қалада ұйымдастырылып, көптеген облыс әкімдіктері мен құқық қорғау органдарының ғимараттары басып алынғанын атап өтті. Оның айтуынша, тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар жанар-жағармай бағасының өсуін сылтау етіп, халықты жаппай шеруге итермелеген. Бұл жағдай азаматтар мен мемлекеттік қызметшілер арасында дүрбелең туғызып, кейбір күштік құрылым басшылары сын сағатта кәсіби әлсіздік танытқан.
Мемлекет басшысы әсіресе Алматы қаласында жағдайдың аса ауыр болғанын айтты. Әкімшілік ғимараттар, сауда орталықтары, дүкендер мен банктер қирап, өртке оранып, тоналған. Әскери қызметкерлер мен қала тұрғындары зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Осындай жағдайда елді берекесіздікке ұрындырмас үшін төтенше шаралар қабылдауға тура келгенін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар оқиғасынан кейін заңсыз иемденілген активтерді елге қайтару жұмысы тоқтамайтынын нақтылады. Бас прокуратураның мәліметінше, бұл бағытта 1,3 триллион теңгеден астам қаражат өндіріліп, оның 1 триллион теңгеден астамы мемлекет қазынасына түскен. Бұл қаражат есебінен елімізде жалпы құны 482 миллиард теңге болатын 434 әлеуметтік және коммуналдық нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, су жүйелері, денсаулық сақтау, білім беру, спорт және инфрақұрылым объектілері салынуда, сондай-ақ Павлодар, Арқалық және Балқаш қалаларындағы әуежайлар жаңғыртылып жатыр.
Президенттің пікірінше, активтердің заңдылығын сараптау енді құзырлы органдардың күнделікті жұмысының бір бағытына айналуы тиіс. Ең бастысы – барлық жұмыс ашық әрі әділ жүргізілуі қажет. Ендігі кезеңде инвесторлардың құқығын қорғауға ерекше назар аударылады. Активтері күмән тудырған бірқатар азаматтар қаржысын ел экономикасына инвестиция ретінде салуға ниет білдіріп, жалпы сомасы 5 триллион теңгеден асатын келісімдер жасалған.
Бұл қаражат туризм, көлік-логистика, тау-кен, металлургия, энергетика салаларындағы жобаларға, сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және әлеуметтік қолдау бағыттарына жұмсалмақ. Президент бас прокуратура мен үкіметтің алдында барлық жоспарлар мен уағдаластықтарды толық орындау міндеті тұрғанын атап өтті.
Мемлекет басшысы заңсыз иемденілген активтерді елге қайтару арқылы әлеуметтік әділдікті қалпына келтіру саяси конъюнктура немесе жұртқа ұнау үшін жасалған науқан емес екенін баса айтты. Оның сөзінше, бұл – мемлекеттің берік әрі өзгермейтін ұстанымы. Қазақстан алдағы уақытта да халықаралық құқықты қатаң сақтайтын, инвесторлар үшін қолайлы ел ретіндегі мәртебесін нығайта береді.
