«Шын-Ар» ақпараттық порталы
Басты ақпаратСаясат

Тоқаев жер қойнауындағы табиғи байлықтың кімге тиесілі екенін айтты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысында салынатын Ақтоғай мыс балқыту зауытының құрылысын бастау рәсіміне телекөпір арқылы қатысып, Қазақстанның табиғи ресурстары халықтың игілігіне қызмет етуі керектігін атап өтті. Мемлекет басшысы тау-кен металлургиясын дамыту ел экономикасы үшін стратегиялық маңызға ие екенін айтып, жаңа жобаны өңдеу өнеркәсібін өркендетуге бағытталған маңызды қадам деп бағалады.

Президенттің мәліметінше, Қазақстанда 9,5 мыңнан астам кен орны бар. Жыл сайын шамамен 160 миллион тонна кен өндіріліп, 3,5 миллион тоннаға жуық мыс концентраты шығарылады. Жаңа зауыт жылына 300 мың тонна катодты мыс өндіруге қауқарлы болады. Сонымен қатар кәсіпорында алтын, күміс және күкірт қышқылын өндіру жоспарланған. Бұл жоба Қазақстанның отандық металлургия саласындағы әлеуетін арттырып, ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қасым-Жомарт Тоқаев зауыт құрылысымен қатар, жұмысшылардың әлеуметтік құқықтары мен еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ өндірісте озық технологиялар мен жасанды интеллектіні қолдану өнімділікті арттырып, жазатайым оқиғалардың алдын алуға көмектесетінін айтты. Үкімет пен жергілікті әкімдікке еңбек ұжымдарымен тұрақты байланыс орнату міндеті жүктелді.

Ақтоғай мыс балқыту зауытының құрылысына шамамен 1,8 миллиард доллар инвестиция салынады. Жобаны KAZ Minerals тобы Қытайдың NFC компаниясымен бірлесіп жүзеге асырып жатыр. Кәсіпорында мыңнан астам жұмыс орнын ашу көзделген. Алғашқы дайын мыс өнімін 2030 жылы шығару жоспарланып отыр.

Ұқсас жаңалықтар

Тоқаев Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Ресейге барды

Парламент ресми түрде жұмысын аяқтады: 148 депутат мандатын тапсырды

Құрылтай сайлауына қатысуға жеті партиядан 545 кандидат тіркелді