«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратДенсаулық

Қазақстандықтар үшін жұмыс күндері жедел жәрдем шақыру шектеледі: Жаңа ережелер

Жедел жәрдемнің келуін ұзақ күту бойынша шағымдарға байланысты және шұғыл қызмет жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі емханалар жанындағы жеделділіктің 4-санатындағы шақыртуларға қызмет көрсететін мобилдік бригадалар жұмысының қағидаларына өзгерістер енгізеді.

Бұл өзгерістер 1 мамырдан бастап күшіне енеді.

Министрліктегілердің айтуынша, бұл азаматтардың 103 нөмірі бойынша шұғыл көмекке шақырту құқығын шектемейді.

Айта кетейік, жеделдіктің 4-санатындағы шақыртулар пациенттің өмірі мен денсаулығына тікелей және ықтимал қауіп жоқ, пациенттің өміріне қауіп төндірмейтін, бірақ медициналық араласуды қажет ететін жағдайларға қатысты.

1 мамырдан бастап не өзгереді

  • емханалардың жанындағы мобилдік бригадалар жұмыс уақытында — 8:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді;
  • өмірге қауіп төндірмейтін жеделдіктің 4-санатындағы шақыртулар (мысалы, жоғары қысым, температура, жеңіл жарақаттар) емханалардың жұмыс уақытында МСАК мобилдік бригадаларына қайта бағытталатын болады;
  • 20:00-ден кейін және демалыс күндері барлық шақыртуға, соның ішінде 4-санатқа, бұрынғыдай жедел жәрдем бригадалары қызмет көрсетеді.

«Статистика көрсеткендей, жедел жәрдем шақыртуларының 50 пайыздан астамы жеделділіктің 4-санатына жатады және созылмалы аурулардың өршуіне байланысты.

Мұндай шақыртулар ресурстардың жедел көмекке мұқтаж, өміріне қауіп төндіретін жағдайлары бар пациенттерге бара алмай қалатынын мойындау керек. Өзгерістер жүктемені оңтайландыруға, күту уақытын қысқартуға және бүкіл жедел медициналық жәрдем жүйесінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді», — делінген ведомство хабарламасында.

МСАК мобилдік бригадалары 25 мың тұрғынға бір бригада есебінен құрылады. Олар пациенттің тұрғылықты жері немесе бекітілуіне қарамастан нақты келген жері бойынша жұмыс істейді.

Министрлік атап өткендей, қажет болған жағдайда мобилдік бригадалармен арнайы бағыттағы мамандар да бірге болады, атап айтқанда балаларға көмек педиатрдың қатысуымен, ересектерге — пациент жағдайының сипаты мен ауырлығына байланысты арнайы мамандарды (кардиологтар, невропатологтар және басқа дәрігерлер) тарта отырып көрсетіледі. Бұл тәсіл жоғары сапалы атаулы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Жедел жәрдемді шақырту механизмі өзгеріссіз қалады — 103 нөмірін теру арқылы азаматтар тәуліктің кез келген уақытында шұғыл медициналық көмекке қоңырау шала алады. Пациенттің жағдайы өмірге тікелей қауіп төндіретін жағдайларда жедел жәрдем бригадасы аптаның күні мен тәулік уақытына қарамастан келеді.

МСАК мобилдік бригадасының келу уақыты — 60 минутқа дейін.

Барынша шұғыл санаттар үшін мынадай нормативтер: 10 минут ішінде — бірінші, 15 минут ішінде — екінші және 30 минут ішінде келу — үшінші санаттағы шақыртулар үшін көзделген.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, биылғы жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанда жедел жәрдем қызметі 2, 1 млн-нан астам шақыртуға қызмет көрсетті. Өтініштердің көбі жеделділіктің 4-санаты бойынша 763 463 шақырту тіркелді, оның 518 мыңнан астамына МСАК мобилдік бригадалары қызмет көрсетті. 1-санат бойынша шақыртулардың саны – 104 443, 2-санат бойынша — 642 312, 3-санат бойынша 574 580 шақырту болды.

Есепті кезеңде сәтті реанимация көрсеткіші 55,6 пайызға дейін өсті, бұл шұғыл көмек көрсету ретіндегі оң динамиканы көрсетеді.

«Денсаулық сақтау министрлігі шұғыл көмекке мұқтаж әр адам үшін жедел медициналық көмекке шақырту қолжетімді болып қалатынын атап өтті. Өзгерістер жүйенің тиімділігін арттыруға, күту уақытын қысқартуға және барлық деңгейде медициналық көмекті жақсартуға бағытталған», — делінген министрлік хабарламасында.

Ұқсас жаңалықтар

Продажи новых автомобилей выросли в спросе Казахстане.

Берік Уәли Абай облысының әкімі болып тағайындалды

Қазақстанда Ұлттық қордан бөлінген ақша қайда жұмсалғаны тексеріледі

Пікір жазу