«Шын-Ар» ақпараттық порталы
Басты ақпаратСот

Шерзат ісі: Үйқамақта болуы тиіс айыпталушы оқиға кезінде бостандықта жүрген

Шерзат ісі: Айыпталушылардың бірі басқа адамға шабуыл жасағаны үшін 7 жылға сотталған
Фото: жоғарғы сот

Алматы облысы, Талғар қаласында жасөспірім Шерзат Полатты өлтіру ісі қоғамда үлкен резонанс тудырды. Бұл іске қатысы бар айыпталушылардың бірі – 24 жастағы Азамат Тоқтаубаев – оқиға кезінде үйқамақта болуы тиіс болғанымен, бостандықта жүрген. Осыған байланысты прокуратураға бірқатар сұрақтар туындады.

Алматы облысының прокуратурасы Азамат Тоқтаубаевтың бұған дейін де қылмыс жасап, сотталғанын растады. 2024 жылғы 17 қазанда Талғар аудандық соты оны Қылмыстық кодекстің 106-бабы 2-бөлігінің 7-тармағы бойынша («Бұзақылық ниетпен денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру») кінәлі деп танып, орташа қауіпсіздік деңгейіндегі колонияға жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған.

Алайда бұл үкім Шерзат Полатты өлтіру оқиғасынан кейін, нақтырақ айтқанда, екі апта өткен соң ғана шыққан. Осы орайда, редакция прокуратурадан Тоқтаубаевтың не себепті оқиға кезінде бостандықта жүргенін сұрады.

Прокуратураның мәліметінше, Тоқтаубаевқа қатысты бастапқыда 2023 жылғы 15 желтоқсанда Талғар аудандық тергеу сотының қаулысымен екі ай мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған. Бірақ 2024 жылғы 6 ақпанда бұл шешім өзгертіліп, үйқамаққа ауыстырылған.

Бұл өзгеріске аудан прокуратурасы қарсы шығып, апелляциялық шағым түсіргенімен, облыстық сот бұл өтінішті қанағаттандырмаған. Нәтижесінде, Тоқтаубаев оқиға орын алған сәтте үйқамақта болғанымен, нақты бақылау болмаған секілді.

Азамат Тоқтаубаев кім және ол не үшін айыпталып отыр?

Азамат Тоқтаубаев 2000 жылы туған, үйленген, орта білімді, өз сөзінше – жеке кәсіпкер. Қазір ол Шерзат Полаттың өліміне қатысты қылмыстық істің фигуранттарының бірі. Бұл істе оған Қылмыстық кодекстің 293-бабы («Бұзақылық») бойынша айып тағылып отыр.

2025 жылғы 17 сәуірде өткен сот отырысында мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсембай Шерзат Полатты өлтіру ісі бойынша айыптау актісін оқып берді. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, жасөспірімді алдымен пышақтаған, кейін шабуыл жасағандар оны аяусыз ұрып-соғып, соққыны жалғастырған.

Тергеу нұсқасы бойынша, басты айыпталушы – Абзал Шынасыл. Ол Шерзатқа пышақпен өлімге әкелген соққы жасаған деп күдікке ілінді. Оған Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі («Кісі өлтіру») және 293-баптың 3-бөлігі («Бұзақылық») бойынша айып тағылды.

Тағы бір айыпталушы – Равиль Сакиев. Ол да 293-баптың 3-бөлігі бойынша, сондай-ақ 99-баптың 2-бөлігі мен 24-баптың 3-бөлігі бойынша («Кісі өлтіруге оқталу») айыпталып отыр.

Қоғамдық резонанс пен құқықтық сұрақтар

Бұл іс қоғамда үлкен наразылық туғызды. Қоғам белсенділері мен құқық қорғаушылар құқық қорғау органдарының әрекетін сынға алды. Айыпталушылардың бірі бұрынғы сотталған адам екені және үйқамаққа шығарылғаны — құқық қорғау жүйесіндегі шешімдерге күмән келтіреді.

Қазір Шерзаттың өліміне қатысты іс сотта қаралып жатыр. Қоғам бұл істің әділ тергеліп, кінәлілердің заң аясында қатаң жазаға тартылуын талап етуде.

Ұқсас жаңалықтар

«Қауіпсіздік жоқ»: Аймағамбетов мектептегі олқылықтарды айтты

Бүгін — Әлихан Бөкейханның туған күні

Шахтадағы апаттың себебі белгілі болды

Redaktor Shyn-Ar

Пікір жазу