«Шын-Ар» ақпараттық порталы
ӘлеуметБасты ақпарат

Мемлекеттік тілде сөйлегені үшін ‘нацист’ атанды: Алматыда дау туғызған кафе

Қазақша мәзір сұрағаны үшін 'нацист' атанды: Алматыдағы кафе дауға қалды
Фото: Досғали Әміровтің парақшасынан

Алматыдағы «Братский шашлык» кафесі мемлекеттік тілді менсінбегені үшін дауға қалды. Қазақ тілінде мәзір сұраған азаматты «фашист», «нацист» деп балағаттаған мекеме өкілі — еліміздегі тілдік дискриминацияның ашық көрінісін көрсетті.

14 мамыр күні қала тұрғыны Досғали Әміров кафеге барып, түскі ас ішкен соң, 2ГИС платформасында қазақша мәзірдің жоқ екенін атап өтіп, пікір қалдырған. Алайда, тұтынушы мәдениетіне сай жауап қайтарудың орнына, мекеме тарапынан арандатушылық сипаттағы жауап келген:

«Сен бәрін түсініп тұрсың ғой, неге ақымақ кейпін танытып тұрсың? Нацист, фашист. Егер пікірді өшірмесеңдер, қонақтарды күтіңдер!»

Осыдан соң кафе азаматты бұғаттап, пікірді өшіріп тастаған. Мұндай әрекет қоғамның ашуын туғызып, әлеуметтік желілерде бойкот қозғалысын бастатты.

Мекеме өкілінің екінші жауабы тіпті шындықпен санаспайтын сұрақтан тұрды:

«Сәлеметсіз бе, біз сіздің тіліңізде жауап беруге міндеттіміз бе, әлде мемлекетімізде ондай заң бар ма?»

Иә, бар. ҚР «Тілдер туралы» Заңының 21-бабы бойынша, тұтынушыларға арналған барлық ақпарат міндетті түрде мемлекеттік тілде берілуі керек. Бұл — патриотизмнің емес, заңның талабы. Қазақша мәзір сұрау — ешқандай да саяси астары жоқ, қарапайым азаматтық құқық.

Кешірім бе, әлде сәттік құтылу жолы ма?

Даулы оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырғаннан кейін ғана кафе әкімшілігі әлеуметтік желіде кешірім сұрап, кінәні қызметкерге артып құтылуға тырысты. «Қызметкер жұмыстан қуылды» деп жазып, өздерін ақтауға тырысқанымен, жұртшылық бұл әрекетті шынайы кешірім емес, қоғамдық қысымнан кейінгі амалсыз қадам деп қабылдады.


Президенттің сөзін өшіріп тастау — екіжүзділік пе?

Жанжалдан кейін дәмхана TikTok парақшасына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тіл саясатына қатысты мәлімдемесін жариялап, артынша өшіріп тастады. Бұл — билік сөзін бетперде етіп пайдалану, шын ниет емес, саяси манипуляция екенін көрсетті.

Бірнеше қолданушы 2ГИС модерациясының қазақша пікірлерді жойып, пайдаланушылардың деректерін салық органдарына беріп жатқанын мәлімдеді. Бұл — елдегі цифрлық платформаларда да тіл мен құқық мәселесінің өзекті екенін аңғартты.

«Братский шашлык» оқиғасы – бір адамның ашуы емес, қазақ қоғамының ұзақ жылдан бері жиналған ренішінің сыртқа шығуы. Бұл оқиға — бізде әлі күнге дейін мемлекеттік тілге шет тілдің көлеңкесінде қарайтынымыздың дәлелі.

Қазақша сөйлеген адам — радикал емес. Ол өз елі мен тіліне құрметпен қарайтын азамат. Мемлекеттік тілді сұраған азаматты «нацист» немесе «фашист» деп атау — бұл тек сауатсыздық пен мәдениетсіздік емес, елдің тұтастығына қауіп төндіретін арандату.

Ұқсас жаңалықтар

Балабақшалардың қызметі 2027 жылдан бастап лицензияланады

shyn_ar_admin

Ұлттық құрылтайда биыл қандай мәселе көтеріледі?

«120 мың теңге қарызды 450 мың етіп қайтартқан»: Алматыда микроқаржы ұйымдары клиенттерінен заңсыз пайда көрген

Пікір жазу