Бас прокуратура арнайы қызметтің бұрынғы басшысы Олеся Кексельдің азаптау ісі бойынша күдікті ретінде танылғанын растады.
«2025 жылғы 4 шілдеде Қылмыстық кодекстің 146-бабы 2-бөлігінің 1) және 2) тармақтары бойынша (азаптау) қылмыс жасады деген күдікпен Кексель О.И.-ға қатысты қылмыстық іс қозғалды», – делінген Бас прокуратура таратқан хабарламада.
Ведомствоның мәліметінше, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда. Қазіргі таңда тергеушілер қосымша дәлелдер жинап жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жарияланбайды.
Еске салайық, бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бұрынғы басшысы Талғат Татубаев ұсталғаннан кейін, желіде Олеся Кексельдің үстінен де қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат тараған еді.
Алдын ала мәліметке сәйкес, Кексель БТА банкінің бұрынғы қызметкерлеріне қатысты тергеу барысында рұқсат етілмеген әдістерді қолдануға қатысы бар деген күдікке ілінген.
Олеся Кексель 2018 жылы Бас прокуратура жанындағы арнайы прокурорлар қызметін басқарған. Ол сол кезде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшылары болған Талғат Татубаев пен Қайрат Қожамжаровтың командасында жұмыс істеді. Кексель атышулы істерді — бұрынғы премьер-министр Серік Ахметов пен экс-ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты тергеулерді қадағалаған.