«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратСаясат

Олжас Бектенов: Жұмыссыздық мәселесін шешуде инвесторлардың атсалысуы маңызды

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов еңбек нарығын дамыту және жаңа жұмыс орындарын құру жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Премьер-министрдің айтуынша, Мемлекет басшысы 2030 жылға қарай 3,3 миллион адамды, оның ішінде 2,3 миллион жасты жұмыспен қамту бойынша нақты бағыт-бағдар берген.

«Халықты жұмыспен қамту мәселесін кешенді шешу үшін еңбек нарығын трансформациялау жүргізілуде. Мамандықтардың мазмұны өзгеруде. Құрылымдық өзгерістер салдарынан кейбір кәсіптер жойылып, жаңалары пайда болуда», – деді Үкімет басшысы.

Ол сондай-ақ, Жұмысшы мамандықтарының жылы еңбек адамының абырой-беделін арттыруға мүмкіндік екенін атап өтті.

Қазіргі кезде елімізде ірі логистикалық және энергетикалық жобалар іске қосылып, цифрлық шешімдер белсенді енгізілуде. Бұл шаралар жаңа сапалы жұмыс орындарын құруға жағдай жасайды, – деді Премьер-министр.

Еңбек нарығындағы өзгерістерді бақылау үшін арнайы ақпараттық жүйе әзірленген. Инновациялық жобалар навигаторы арқылы жаңа жұмыс орындарының саны, олардың еңбек нарығына сәйкестігі және жұмыс берушілердің жоспарлары мониторингке алынады.

Сонымен қатар, Үкімет басшысы шетелдік және отандық инвесторлардың жұмыс орындарын құрудағы міндеттемелерін орындауға жауапкершілікті күшейту қажеттігін айтты. Инвестиция көлемінің кемінде 30%-ы еңбек ақы төлеу қорына бағытталуы тиіс.

Навигаторда ірі инвестициялық жобалар ғана қамтылған. Жаңа жұмыс орындарына нақты уақыт режимінде толық әрі жүйелі мониторинг жүргізу үшін бірыңғай ақпараттық жүйе қажет. Бұл жүйе жобалар туралы – біліктілік деңгейі, еңбек жағдайы, жалақы мөлшері және басқа да деректерді қамтуы тиіс, – деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр уақытша жұмыспен қамтудың тиімділігі төмен екенін айтып, тұрақты жұмыс орындарының үлесін арттыру қажеттігін ерекше атап өтті.

«Әсіресе жас мамандарды жұмысқа орналастыруға баса назар аудару керек. Бұл бағыттағы шаралар еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасында көрініс тапқан», – деді ол.

Үкімет басшысы үш бағытта нақты тапсырма берді:

  1. Еңбек министрлігі облыс әкімдерімен бірлесе өңірлік жұмыспен қамту карталарының орындалуын қамтамасыз етуі тиіс. Әкімдер тұрақты жұмыс орындарын құруды жеке бақылауда ұстауы қажет.

  2. Ұлттық экономика министрлігі салалық мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірге 2025–2027 жылдарға жоспарланған жобалар туралы барлық деректі 1 қыркүйекке дейін мемлекеттік жоспарлау ақпараттық жүйесіне енгізуі керек. 2026 жылдан бастап аудан және қала әкімдерінің KPI жүйесіне жұмыспен қамту көрсеткіштері енгізіледі.

  3. Цифрлық даму министрлігі жыл соңына дейін мемлекеттік органдар мен бизнестің деректерін біріктіріп, жаңа жұмыс орындарын құруға арналған бірыңғай цифрлық жүйе әзірлеуі қажет.

Ұқсас жаңалықтар

Конституцияның 30 жылдығына орай жаңа монеталар айналымға шығады

3 жасқа дейін жәрдемақы төлеу ұсынысы талқылануда

Кәрім Мәсімовтің жағдайы қалыпты – Ішкі істер министрі